Есте жоқ ықылым замандардан, адам баласы қоғам боп қалыптаса бастағаннан бері абыздар мен пайғамбарлар, ойшылдар мен патшалар мәңгілік өмір мен бақыттың, ізгілік пен қайырымдылықтың, құтты қоныс пен өрелі өлкенің кілтін іздей бастаған. Мәңгілік өмір сүруге ынтық Гильгамеш (Білге кісі), ажалдан қашқан Қорқыт, тіршілік суын тапқан Қызыр, мәңгі ел мұратын ұсынған Тоныкөк, Өтүкенді жер-жаһанның ортасы деп білген Білге қаған, қайырымды қоғамды аңсаған әл-Фараби, ізгілік іздеген Жүсіп Баласағұн, Желмаясымен Жерұйыққа жетпек болған Асан қайғы, әділетті сүйген Абай – күміс қоңыраулы керуендей ғасырларды көктей өткен халқымыздың асыл арман-аңсарының бір көрінісі ғана. Жер үстіндегі жұмақты іздеп, ой азабын арқалаған осы абыздардың қайырымды қоғам, бақытты ел туралы толғамдарының бір түйіні әділет деген ұғымға келіп тіреледі екен. Бүгінгі мақаламызда соның бір парасына тоқталмақпыз.
Әлемдік рухани арналардың өркен жаюына, сол арқылы ислам, христиан және иуда діні тармақтарының бір арнада тоғысуына ықпал еткен Әбу Насыр әл-Фарабидің (872-950) саяси-философиялық ілімінің негіздері «Қайырымды қала тұрғындары» атты іргелі еңбегінде, сонымен қатар «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында», «Кемеңгерлік меруерті» т.б. сияқты этикалық-саяси трактаттарында жан-жақты көрініс тапқаны белгілі. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай қалыптастыруға болады деген сұраққа жауап іздеу арқылы бірқатар маңызды мәселелерді шешудің кілтіне қол жеткізді. Адамның бақытты болуы мен өмірдегі өз орнын табуы, жеке басының бақуаттылығын қоғамға қызмет етуге ұштастыру сияқты өмірлік мәнді қағидалар туралы толғаған ғұлама шығармасындағы тағы бір айрықша маңызды тақырыптың бірі – әділетті билеуші образы еді. Ұлы ойшыл «егер дәрігер адам мүшесінің сырқатын емдесе, әділетті әмірші қоғамның жан дүниесінің саламатты болуына қызмет етуі тиіс» деп тұжырымдайды.
Әлбетте қазіргі заман зерттеушілері ғұламаға антика философтарының, әсіресе, Платонның, сондай-ақ Аристотельдің айрықша ықпал жасағанын айтады. Мәселен, Платон сияқты әл-Фараби де қайырымды қалаларды философтар – хакімдер билеуі керек деп санады. Оның ойынша мұның өзі әділетті мемлекет құрудың ең басты шарты болып табылмақ. Дегенмен, бұл салада түрк ойшылы грек философиясынан бір мысқал да кем емес тұрғыда исламдық дәстүрге – әсіресе төрт әділ халифтің ұлы идеалдарына арқа сүйеді. Әсілі, әзірет Пайғамбар басшылық еткен Мәдина қала-мемлекеті мен одан кейінгі кезеңде билік құрған әділетті халифтар тұсын ислам ғұламалары әділет үстемдік құрған заман ретінде әспеттейді. Әрине қасиетті Құран адамзатты әділетке шақырып, хадисте әділетті билеушінің Аллаға жақын жан екені айтылғандықтан, әл-Фарабидің өз ілімінде бұл мәселені назардан тыс қалдыруы әсте мүмкін болмаса керек. Бұл орайда дала данышпанын қанаттандырған үшінші қайнар-бастау туралы да ұмытуға болмайды. Ол – Жерұйық, Жиделі-Байсын, Өтүкен, Ергенеқон секілді киелі ұғымдар мен код сөздер арқылы туабітті қанға сіңген үйлесімді қоғам мен әлеуметтік әділеттіліктің түркілік сарындары еді. Бәлкім Күлтегін, Білге қаған жазбаларындағы «Білікті қаған болған еді ғой, алып болған еді ғой! Бектері де, халықтары да түзу (әділетті) болған еді ғой! Ел мемлекетті ұстап, төрелік жасады» деген жолдармен тікелей таныс болмағанымен, түпкі санасында түрктерге Тәңірі тарту еткен түзу, әділетті жолдың жаңғырып тұрғаны анық.
Осылайша әл-Фарабидің «әділетті басшы, қайырымды қала, бақытты қоғам» туралы тұжырымдамасының бос қиял – утопия емес, ежелгі эллиндік, исламдық және көне түркілік өркениеттердің философиялық мұраларын жарасымды тоғыстырған ізгі ілімнің нәтижесі екенін байқаймыз. Соңғы екеуі замана ағысында бірігіп-кірігіп, түрк-мұсылман өркениетін тудырғанын, ал оның Солтүстік Африкадан Орталық Азияға дейін, Еділ бойынан Үндістанға дейін ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан кеңістікте ғасырлар бойы тарлан тарихтың ұлы бетбұрысына ықпал еткенін білеміз.
Шығыс пен Батыста есімі Аристотельмен қатар аталып, «Екінші ұстаз» деген құрметке ие болған ұлы ғұламаның ізгілікті ізін басып, игі ісін жалғастырушылардың бірі Жүсіп Баласағұн (1015-1070) еді. Ортағасырлық осынау ұлы ойшылдың мұралары күллі түрк халықтарына ортақ саналады. Жүсіп Хас Хажып елу төрт жасқа келгенде өзінің әйгілі «Құдатғу Білік» («Құтты білік») деп аталатын діни-дидактикалық поэмасын аяқтап, бұл туындысын Қарахан билеушісі Сүлеймен Арслан ханға тарту етеді. Бұл үшін оған «Хас Хажып» (бас кеңесші) лауазымы берілгені белгілі. Бүгінде күллі түркі тілдес мұсылман халықтары осы классикалық шығарманы өздерінің мұсылмандық дәуірінің жазба әдебиетінің бастауы деп біледі.
Жүсіп Баласағұн қоғамды бақытқа бастайтын дана білім мен әділетті түзім туралы дидактикалық дастанында әділдіктің рәмізі ретінде Күнтоғды патшаны, бақ-дәулет, құттың нышаны етіп уәзір Айтолды, кемелденген ақыл-парасаттың өлшемі ретінде Өгдүлмішті, қанағат-ынсаптың жиынтығы дәруіш Одгүрміш образдарын мемлекеттің негізгі төрт тірегі етіп сомдап, қоғамның басқа мүшелеріне осы төрттікті үлгі-өнеге етуге үндейді. Бұл жерде әділеттің рәмізі ретінде патша образының алуында үлкен мән бар деп ойлаймыз.
Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн еңбектерін жақындастыратын ортақ тін – жоғарыда сөз болған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бақытты қоғам қалыптастыру мәселелері еді. Әділетті билеуші туралы жан-жақты әрі терең зерделенген тұжырымды қағидат та – осы ортағасырлық қос классиктің шығармаларында ортақ сабақтасқан тақырып. Ортаазиялық қос ойшылдың адамзаттың бақыты туралы әлеуметтік көзқарастарының бір арнада парасатты тоғысуы – таңғажайып құбылыс.
Міне, осылайша ежелгі замандарда-ақ Орталық Азия мемлекеттерінде әлеуметтік өзара мейірбандық жүйесі жүзеге асырылып, қайырымдылық қорлар іспеттес құрылымдар жұмыс істеген. Көрші хақысын сақтау, жасы үлкенді сыйлау, кедей-кепшікке, жетім-жесірге, жоқ-жітікке көмек беру, ортақ шаруаларды асарлатып бітіру сияқты абзал дәстүрлер қоғам өмірінің қан тамырына айналған. Осының бәрі, жазбаша жарлықтарды былай қойғанда, халықтың ар-ұжданымен біте қайнасқан әдет–ғұрыптар еді. Мұқтаж жандарға қайрымдылық жасаудан өзге меценаттық өріс алып, атымтай жомарттық қасиет ерекше дәріптелді. Әсіресе ғылымды дамытуға жасалған қайырымдылық аса ізгі істердің қатарында саналатын. Осындай парасатты істер нәтижесінде қоғамда қалыптасқан асыл игілікті бүгінде зерттеуші мамандар Орталық Азиядағы «Мұсылман Ренессансы» деп орынды атап жүр.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе мына бір философиялық заңдылықтың үштағанын көреміз: «әділетті мемлекет – ізгілікті қоғам – кемел адам». Ширатып айтсақ, әділетті мемлекетте қоғам ізгі, адам да кемел болады. Немесе мұны кересінше де оқуға болады: кісілері кемел қоғамнан тұратын мемлекет әділетті жолды ұстанады. Әрине бұл ұлағатты ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты, әрқайсысы бір-бірінің өмір сүруінің нақты кепілдігі сияқты.
Әділеттілікті ту еткен бұл ізгі мұрат жоғалып кеткен жоқ. Алып империяның шаңырағы ортасына түсіп, ел айырылған, «қарағай басын шортан шалған» тұста Жерұйық іздеген Асан қайғы мен әділдік іздеп Әбілқайырмен ат құйрығын кесіскен Керей-Жәнібек сұлтандар жаңа мемлекеттің негізін қалады. Сондықтан Қозыбасыға қазық қаққан қазақ хандығының өзегінде де әділет пен Жерұйық идеясының жатқанын әсте ұмытуға болмайды.
Ал араға ғасырлар салып, «жер қорыған желгек шал» − ұлы Абай шығармаларында тура жолдан таймайтын әділетті сүйген кемел адам бейнесі, ар-ұждан тазалығы, мейірбандылықтың сауыты болған жүрек айнасы ерекше даналықпен жырланып, әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұнның, Тоныкөк пен Асан қайғының тәлімді идеялары жалғастығын тауып жаңғырады. Шығыс пен батысты тел емген Абайдың өз шығармашылығында толық адам, ар ілімі, ізгілік пен әділет туралы толғағаны мәлім. Бұл тарапта бізге мектеп қабырғасынан жақсы таныс бір ғана мысал келтіру де жеткілікті болар:
…Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Баршаға мәлім бұл өлең жолдарында абыз әділетті сүюді Алланы және адамзатты сүюмен қатар қояды. Ал астарын аңдап, бағамдап бақсақ, пендесін махаббатпен жаратқандықтан, Алланы сүюдің өзі әділеттілік болмақ екен. Тағы да Абайша айтсақ, «…Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» Сол сияқты, бәрі Адам атаның кіндігінен тараған бауырың болғандықтан, күллі адамзатты сүю де адамдық борышқа жатады екен. Ақын әділетті «Хақ жолы» дегенде осыны меңзесе керек.
«Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят – бұл ғадалаттен шығады» деген хакім Абайша қисындасақ, ынсап, ұят, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым сынды кісіні кемелдікке бастайтын барша ізгілік әділеттің синонимі іспетті. Ал әділетсіздік дегеніміз – қиянат, кісі ақысын жеу, шектен шығу. Отырардан шыққан тағы бір ойшыл ғұлама әл-Жауһари «әділетсіздік – зұлымдық» деп баға берген екен. Сонда өсек, өтірік – кісіге; мақтаншақ, еріншек – болмысқа; бекер мал шашпақ пен ысырап – қоғам мен қоршаған ортаға қиянат, зұлымдық болып шығады. Әрине ізгілік атаулыға қарсы болғандықтан, мұның бәрі әділет ұғымына керағар, ал «қиянатшылдыққа бір қарар тұрған адам – я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман». Сондықтан түптеп келгенде имансыздықтың өзі – Аллаға деген әділетсіздік, зұлымдық екен. Бұл жерде «Әділ» – Алланың бір аты, олай болса әділет жолын ұстанған жан – Тәңірінің сипатымен сәулеленген кемел кісі.
Күллі сенім мен махаббаттың бастауы саналатын бұл ұғымның ойшыл ақынды әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұнға етене жақындастыратынын анық байқаймыз. Абай жырындағы махаббат, шапқат, әділет ұғымдары жеке адамның өміріндегі иманмен тең қастерлі мәртебеге ие. Демек, жан тазалығы, ғылым, рахым, әділет кісіні кемелдікке бастап, толық адам дәрежесіне көтеретіні сияқты мейірбандық пен шапқатты ту еткен ізгілікті қоғам ғана әділетті мемлекетті қалыптастыра алады екен.
Бұл орайда Абай философиясындағы «толық адам» ұғымы суфизмдегі «әл-инсан әл-кәміл» (кемел адам) қағидатымен сабақтас екені белгілі. Дегенмен, Абайда бұл ұғым неғұрлым өмір-тіршілікпен үндес сипатқа ие, яғни әлеуметтік бұқаралық мазмұнда беріледі. «Пенделіктің кәмалаты әулиелік бірлән болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, ху деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?» деген дана ақынның ойынша адамның кісілік келбеті мистикалық сипаттан емес, оның жүрегіне Жаратушы әу баста еккен ізгілік қасиеттерді шыңдап, кемелдендіру арқылы нәр алады, ал мұндай адамгершіліктің нұры қоғам мен мемлекетке шапағатын тигізуі хақ. Сондықтан Абай «адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» дейді. Осы тұста ақылман ақынның сөзі «елді хәкімдер басқаруы тиіс» деген әл-Фарабидің ойымен ұштасып кетеді.
Уақыт басты құндылыққа айналған бүгінгі заманда «сағаттың шықылдағы емес ермек» деген дала данышпанының сөзі баршаны сергектікке шақырғандай. Бұл орайда Абайдың дүниетаным философиясы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан үштағанға – «әділетті мемлекет – ізгілікті қоғам – толық адам» ұғымына, яғни өз кезінде ортағасырлық түркі ойшылдарының, әсіресе, әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн негіздеп кеткен терең тамырдан нәр алғанын аңдаймыз.
Ортағасырлық классиктер тәрізді Абай да бала жасынан үш үлкен қайнардан ілім сусынын қандырды: дала дәстүрі, мұсылмандық Шығыстың классикалық мәдениеті, батыстың ғылымы мен философиясы. Осынау үш әлемнің тоғысынан, сонымен бірге ұрпақ жалғастығы арқылы жеткен ұлылар ұлағатының мыңжылдық іргетасынан Абайдың әлеуметтік философиясы сымбаттанып бой түзеп қалыптасты. Ақын мұрасын осынау тарихи контексте ғана толық түсінуге болады. Бұл – бір ғана Абайға ғана емес, қазақ халқының бай салтанатты мәдени қазыналарына да қатысты сөз. Сондықтан Абайдың өз заманында қазақ қоғамын сауықтыру бағытында айтқан ғақлия-насихаттары бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. «Рухани жаңғыруға» өзек болуға жарайтын асыл сөздер де Абайда! Ендеше кемел кісіліктің кілтін тапқан парасатты тұрғындардан құралатын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бақытты, бақуатты, ізгілікті қоғамға сүйенген әділетті мемлекет – абыздардың аңсары іспетті.
ХІХ ғасырда ойшылдар байыптаған, одан ертеде орта ғасырда ғұламалар негіздеген біз талдап отырған үш тұғырлы құндылықтың өміршең үйлесімін қазіргі қоғамымызда қамтамасыз ету – замана талабы. Бұлар: халықтың ғасырлар бойғы салт-дәстүріне негізделген ұлттық мұра, әлемдік өркениеттің жоғары стандарттарына сүйенетін жалпыадамзаттық ақыл-ой қазынасы және ізгілікті діни құндылықтарды бойына сіңірген рухани жетілу қағидаты. Осы парасатты арналар бір-бірімен бірегей негізде ұштасқанда біздің әлеумет ақыл-ой қазынасын өндіретін әлеуетті қоғамға айнала алады.
Әу баста өзінің сайлауалды бағдарламасына да әділдік ұғымын басты ұстанымдардың бірі етіп алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жариялаған халыққа Жолдауында «әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет» екенін айта отырып «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» деп атап көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысының баяндамасын да «Әділетті мемлекет» құру жолындағы бір қадам ретінде бағамдаған жөн сияқты.
Өткенсіз болашақ жоқ. Рухани негізсіз материалдық байлықтың да баянды болуы әсте мүмкін емес. Біз бүгін бабадан мұраға қалған ар ілімін насихаттап, әділетті, мейірбан қоғамды қалыптастырудың аса қажеттілігі мен шынайы мүмкіндіктерінің бар екенін нақты сезініп отырмыз. Бұл бос қиял емес, бүгінгі біздің қанымызда қалыптасқан ұлттық код, санамызда жаңғырған ізгі мұрат, кешегі өткен тарлан тарихымыздың асыл мирасы. Міне, бағзы бабалардан бастау алып, әл-Фараби жаңғыртып, Жүсіп Баласағұн жалғастырып, Абай арқылы алтын арқауы мен арнасын тапқан абыздар даналығы бізге осыны аманаттайды.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Халықаралық Түркі академиясының президенті