Таулы Қарабах маңында болып жатқан жағдайға алаңдап отырмыз. Антұрған соғыстың қай кезде де сүйкімі жоқ. Ал, пандемия кезінде елді дүрліктірген бұл қақтығыс бейбіт жатқан бауырларымызға тіптен оңай тимеді. Қанымыз да, тіліміз де бір әзербайжан халқына сабырлық пен төзім тілеймін. Қақтығыс кезінде оққа ұшып, шаһид болған генерал-майор Полад Гашимов пен майор Ильгар Мирзаевтың рухтары бейіште шалқысын. Олар өз халқының қаһарман оғландары, нағыз ержүрек батырлары деп білеміз!
Бұл елде туғанымдай боп кеткен ғажап ақындар бар, “қазақ пен әзербайжан – бір ел” деп жүрген қаншама достар, бауырлар өмір сүреді. Солар үшін алаңбыз. Сол дос-бауырдың ішінде әзербайжанның мықты ақыны Хаял Рза деген құрдасым бар. Оның ауылы сол Таулы Қарабахтың даулы территориясында қалып қойған. Туған жерін сағынып аңсағанда көзі жасаурап, иегі кемсеңдейді. Жау қолында қалған ауылына деген сағынышы мен мұңын ақ параққа өлең қып төгеді сосын. Былтыр форумға келгенде “Бала және қару” атты баяндама жасады. Көзіне жас үйірілмеген адам болмады. Бұл бала кезінен зымырай ұшқан оқтың суылын естіп өскен ақын. Сондықтан танымы терең, дүниетанымы өзгеше жігіт. Осы Хаял сияқты өзге де азаматтардың амандығын тілеп отырмыз. Алланың көзі түзу болсын, әділдік әлі-ақ орнайды. Ал, құйтырқы саясат жүргізіп, бауырлас халыққа тізесін батырғысы келіп отырған кез келген елдің жүзі күйсін. Алла олардың жолын кесіп, жоспарының күлін көкке ұшырсын!