“Тұғырыл Хан” халықаралық қоғамдық бірлестігінің шежіре бөлімінің меңгерушісі, белгілі Сібіртанушы, өлкетанушы, Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі Шалқарбек Шәйкенұлы 17 маусым күні 64 жасында дүниеге көз жұмды.
1956 жылы Омбы облысының Полтавка селосында туған. Көкшетау облысы, Қызылту ауданындағы Ұялы орта мектебін бітірген соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтына түсіп, осы жоғары оқу орынын 1979 жылы экономика мамандығы бойынша бітіріп шықты. Көкшетау облысының Ленин ауданында және Қарағанды облысында шаруашылықтың бас экономисі, бас бухгалтері, Ленин аудандық статистика бөлімінің бастығы қызметтерінде істеді. 1998 жылы отбасы жағдайына байланысты Қарағанды қаласына ауысып облыстық қаржы басқармасының бас маманы, Қарағанды облыстық мәслихатының аппаратында бас маман – комиссия жетекшісі қызметтерін атқарды. Қазақстан журналистері одағының мүшесі. Сібір қазақтарының өмір-тарихы жайындағы мақалалары республикалық және облыстық газеттерде қазақ және орыс тілдерінде жарияланды.
2015 жылы Омбылық азаматтармен бірлесіп «Казахи Омского Прииртышья» – энциклопедиялық кітабының бірінші және екінші томын шығаруға ат салысты.
«Казахи Омского Прииртышья» энциклопедиялық кітабының бірінші томы – үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Ресей федерациясына және Қазақстан республикасының өркендеп дамуына әр жылдары үлестерін қосқан Омбы облысының тумалары болған қандас азаматтарымыздың – қайраткер тұлғалардың өмірбаяндары қамтылған. Екінші бөлімі Сібір жерін ғасырлар бойы мекендеген ата-бабаларымыздың байырғы қоныстарының көне атаулары, бұл күнде заманның ағымына қарай орындары ғана қалып тарап кеткен қазақ ауылдарының және қазіргі қазақ ауылдарының өткендегі тарихынан сыр шертетін деректі-мұрағаттық материалдармен толықтырылған. Үшінші бөлімінде Батыс Сібір губерниясының орталығы болған Омбы сонау патша заманында іргетасы қаланған «Азиятская школа-Азиялық мектептің», Ер балаларға арналған болыстық кеңселердің писарьларын дайындайтын мектептің, Омбы төңірегінде әр жылдары жарық көрген қазақ баспасөзінің, Омбы қаласында шаңырағы көтерілген «Үш жүз» партиясының, Омбы педагогикалық техникумының және тағы басқа да мекемелер мен ұйымдардың тарихы баяндалады.