Бүгін, дәл қазір Бакуде “Жеңіс шеруі” өтіп жатыр. Оған Түркия президенті Ердоған да келген. Бұл Халықаралық топтар 30 жыл жүріп шеше алмаған Қарабақ дауына тарихи, әділетті нүкте қойған 44 күндік соғыстағы Әзербайжан әскерінің, Әзербайжан сарбаздарының жеңіс шеруі.
44 күндік соғыста Әзербайжан 2783 сарбазынан айырылды. Ал бүгінгі шеруде 3 мыңға жуық сарбаз бен 150-ден астам әскери техника сап түзейді. Одан бөлек жаудан олжалаған техникалар да жұртқа көрсетіледі.
Осыған дейін Армения шеруді болдырмаудың амалын жасап, Халықаралық ұйымдарға шағымданып, “ойбай, олар тұтқындағы армян сарбаздарын да шеруде алып жүрмек”, депті. Бірақ, онысы провокацияның нақ өзі екенін есі дұрыс жұрт біліп отыр ғой…
Одан кейін әдеттегідей орыс ақпараты да “Ердоған келе қалды”, деп қызылкеңірдек бопты, біраз… Ол тіпті, таңқаларлық жаңалық емес…
Рас, әскери соғыс аяқталғанымен, дипломатиялық соғыс әлі біткен жоқ. Шешілуі тиіс мәселелер әлі де бар. Бірақ, әскери соғыстың жеңімпазы – Әзербайжан!
«Бауырлас қазақ халқы атынан бүкіл әзербайжан халқын осы Отан соғысындағы осы Ұлы жеңісімен құттықтаймын. Әзербайжан тарихи әділдікті орнатып, өзінің территориялық тұтастығын қалпына келтірді. Біз барлығымыз оның куәсі болдық» деті, Әзербайжандағы Елшіміз Сержан Әбдікерімов.
Біз, осы жеңістің алғашқы сүйіншісі айтылып жатқан уақта Бакуде болдық. Бауырларды құттықтап, қуаныштарын бөлістік. Бүгін де “Жеңіс шеруін” өткізіп жатқан бауырларды құттықтаймыз.
Айтпақшы, Әзербайжан саясатшысы Фуат Ахунов бір сөзінде: “Бүкіл әлем бұл соғыста Әзербайжан армиясы – 21 ғасыр армиясы екенін көрді”, депті. Алып-қосары жоқ…
Құтты болсын, әзіз қардашлар!
Нұргелді Әбдіғани