Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың назарына!

 

Бұл мақалаға арқау болған мәселе – Нұр-Сұлтанның лай, балшық көшелері…

Елордамыздың балшыққа батқан көшелері тұрғындарды әбден шаршатты. Qamshy.kzақпарат агенттігінің редакциясына хабарласқан «Вена орамы» (ЖК «Венский квартал» – ред.) тұрғын үй кешенінің бір топ тұрғындары өздерінің жағдайларын айтып, редакцияға  шағымданды. Олардың мәселелерін естігенде Елорданың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергеніне расында да ыңғайсызданып кетеді екенсің.

ҚР Тұңғыш Президентінің есімін иеленген қала тұрғындарының зарын естіген көпшілік жағаларын ұстады. Теледидардан көріп жүрген ертегідегідей тап-таза, әп-әдемі Астанамыздың жағдайы мүлде біз ойлағандай емес екен.

«Вена орамы» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының айтуынша, балшыққа батқан көшеде жүріп-тұру мүмкін емес, тіпті, қажет кезде жедел жәрдем қызметін пайдалану да мұң болып отыр екен.

«Бір күні 80 жастағы анамның жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақыртқан болатынбыз. Тұрғын үйге баратын жол жоқ, сондықтан ол уақытылы келмеді. тіпті «Вена орамы» тұрғын үй кешеніне кіріп-шығатын да жол жоқ», – деп шағымданды тұрғындардың бірі.

Тағы бір мәселе – ұялы байланыс.  Бұл тұрғын үй кешенінде ұялы байланыс қызметі де дұрыс істемейді екен.

Айта кетейік, «Вена орамы» – ЕХРО қалашығына жақын маңда орналасқан және 2018 жылы ғана қолданысқа берілген жаңа тұрғын үй кешені.

Осы орайда аталмыш кешеннің тұрғындары қала әкімдігіне өз шағымдарын айтуда.

«Құрметті Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Елбасының есімін иеленген қаланың атына осыншалықты кір келтіруге бола ма?! Дұрыс жол жоқ. Оқушылардың мектепте барып-келуі – үлкен мұң. Жедел жәрдемнің келуі қиын. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектерді ауруханаға жеткізу кезінде «тербетілген» жедел жәрдем көлігіне отыру қаншалықты ауыр әрі қауіпті екендігі баршамызға мәлім. Мүмкін әкімдік қызметкерлері астанамызды тек өздерінің креслосында тербетіліп отырғандай сезіне ма екен? Жоқ. Олай емес!

Әкімдік қызметкерлері астананың балама жағдайын көргісі келсе, ЖК «Венский квартал» жаққа бір келіп кетсін. Тұрғындар қалаға шығар кезде көліктері лай болып шығып, үлкен көшелерді ластайды екен. Біздегі лай, балшықтан  қаланың тазалығы екі есе зиян шегіп отыр», – деп дабыл қағады тұрғындар.

Астанамызға қыдырып келген шетелдіктер қаланың осындай сиқын көрсе ұят, күлкіге қаламыз.

«Бүкіл әлемді таң қалдырып, ЕXPO 2017 өткізгеніміз ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Сол көрме орталығына жақын орналасқан «Вена орамы» тұрғын үй кешенінен пәтер жалдаған бірнеше шетелдік 2-3 айдан кейін пәтерлерін тастап басқа жаққа көшіп кетті. Ондай мысалдар өте көп. Астананың басқа аудандарына көшсе, ол жақтағы инфрақұрылым Вена орамындағыдай емес. Мықты. Жалпы шетелдіктер Вена орамының инфрақұрылымын көргенде не ойлайды екен? “Мына қазақтар астанасының атын Тұңғыш Президенттерінің есімімен «Нұр-Сұлтан» деп өзгертті. Тұңғыш Президенттерін керемет мақтайды. Ал, оның атындағы қаланың сиқы мынау” деп күлетін шығар… Неткен ұят…» – дейді «Вена орамы» тұрғын үй кешенінің тұрғындары.

Олар өз шағымдарын жеткізіп, қала әкімдігіне тұрғын үй кешеніндегі жағдайды өз көзімен көріп кетуге өтініш айтып отыр.

Ұсынған: Назерке Лабихан

«Қамшы» сілтейді

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *