Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзі

Құрметті отандастар!

Ардақты ағайын!

Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ұлттың рухын көтеретін, ұр­пақ­тың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам. Тәуелсіздік – мем­лекетті­гіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тари­хы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құн­дылық жоқ. Оны ең қымбат қазы­наға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тәуел­сіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз.

Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт.

Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер. Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды. Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді.

Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жыл­­дығына қадам басамыз. Бұл – бар­шамызға ортақ өнегелі өлшем, тағы­лым­ды кезең. Жаңа мемле­кет құруға атса­лысқан бүкіл халқы­мыз­дың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сон­дықтан мен келесі жылды «Тәуел­­сіз­діктің 30 жылдығы» деп жария­ладым.

Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Алғашқы он жылдық егемен Қа­зақстанның өз дербестігін қалып­тастыру кезеңі болды.

Екінші он жылдықта еліміз тұғы­рын нықтап, керегесін кеңейтіп, ірге­сін бекітті.

Үшінші он жылдықта мемле­кетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды.

Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Елі­мізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың ла­йықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек. Оны жүзеге асырудың басты жолы – тиімді басқару жүйесі.

Мен Жолдауымда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне баса мән бергенімді білесіздер. Осыған орай, көптеген нақты шара атқарылуда.

Жалпы, жаңғырудың жан-жақты болғаны жөн. Бүкіл халқымыз заман ағымына ілесе білуге тиіс. Өзге­ріс­терге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады. Біз бі­лімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет. Бұл – ұлы Абай айтқандай, «толық адамның» айқын көрінісі. Оған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек. Сонда ғана мемлекетшілдік идеясы басты құндылыққа айналады.

 

Құрметті отандастар!

Өкінішке қарай, пандемия кесірінен біз еліміздің басты ұлттық мерекесін жылдағыдай кеңінен атап өте алмаймыз. Бізге азаматта­ры­мыздың денсаулығы, өмірі мен амандығы бәрінен қымбат.

Сондық­тан барлық іс-шара­мызды шек­теулі форматта және онлайн режімде өткізіп жатырмыз. Алайда бұл Тәуел­сіздік күнінің мәні мен құндылығын ешбір жағдайда да кеміте алмайды. Осы ұлы мерекенің салтанатты көңіл күйі әрбір үйде орнап, барлық қазақстандықтың жүрегін қуаныш пен мақтанышқа толтыратынына сенімдімін.

Біз қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, алға ілгерілеуді жалғас­тырамыз. Бұл жолдағы біздің басты шамшырағымыз тәуелсіздік болды және солай болып қала береді.

Осы жылдары шынайы егемендік пен ұлттың бірегей тұтастығының арқа­сында біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Дәл осы жүйеқұраушы элементтер еліміздің орнықты, серпінді дамуының кепіліне айналды.

Бүгінде Қазақстанның алдында ау­қым­ды жаңа міндеттер тұр. Біз экономикалық қуатты, әлеуметтік әділ және берік тірегі мен прогресшіл құндылықтары бар ашық қоғам құрып жатырмыз.

Біз жүйелі реформалар мен сапалы өзгерістер жолымен келеміз. Бұл саясат жалғасатын болады. Бұған балама жоқ, енді артқа қайту да жоқ. Бұл біздің жалпыхалықтық консенсусқа негізделген саналы таңдауымыз.

Биыл пандемия бізді ғана емес, бүкіл әлемді сынға салды. Тұтас дүниенің тыныс-тіршілігі өзгерді. Біз бұл сынаққа төтеп беріп, елімізді жаһандық дағдарыстан алып шығу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырдық.

Экономикаға қатысты теріс болжамдарды жоққа шығарып, індеттің зардабын азайттық. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында ахуалды біршама тұрақтандырдық. Жаһандық дүрбелеңге қарамастан мемлекетіміздің іргесі мығым, тұғыры бекем екенін дәлелдедік.

Халқымыз жанашырлық пен қамқорлықтың, ұйымшылдық пен береке-бірліктің озық үлгісін көрсетті. Волонтерлер қозғалысы жалпыұлттық сипатқа ие болды. Дәрігерлер мен мұғалімдердің, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілердің күнделікті өміріміздегі маңызды рөлін айқын сезіндік. Қауіпті дертпен күрестің тиімді жүйесі, ең алдымен, солардың табанды еңбегінің арқасында қалыптасты.

Елімізде карантин және төтенше жағдай режімі уақтылы енгізілді.

Эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар үшін 350 миллиард теңгеден астам қаржы бөлдік.

Қысқа мерзімде жаңа жұқпалы дерт ауруханалары салынып, ондаған мың қосымша төсек қамтамасыз етілді. Қажетті медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттардың жеткізілімі және өндірісі жолға қойылды.

Ғалымдарымыз кідірместен қазақ­стан­дық вакцина жасауға кірісті, бұл вакциналар жуырда ғылыми сынақтың бар­лық кезеңдерінен өтеді деген үміттеміз. Коронавируспен күрестің алғы шебіндегі дәрігерлерді қолдау үшін 200 миллиард теңге шамасында қаражат бөлінді.

Пандемия осы стратегиялық маңызды салада жүйелі реформалардың өзектілігін анық байқатты. Осы мақсатпен біз Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдар­ламасын қабылдадық. Оны жүзеге асыруға 3 триллион теңгеден астам қаражат жоспарланған.

Біз төтенше жағдай мен қатаң каран­тиндік шектеулер кезінде жаппай хаосқа жол бермедік және реформаларды жүзеге асыруды жалғастырдық.

Бөлінген ауқымды қаражат оның мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу үшін қатаң бақылауда болады.

Менің Президент лауазымындағы басты миссиям – әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекеттің күн сайынғы күш-жігері азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға жұмылдырылады.

Биыл біз 4 миллионға жуық азаматы­мыздың зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақыларының көлемін ұлғайттық. Әлеуметтік сақтандыру төлемдерін орташа 50%-ға көтердік. Аз қамтылған отбасылардағы 500 мыңнан аса бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгіздік.

Пандемия кезінде күрделі жағдайға тап болған адамдарды қолдау үшін біздің өңірде теңдесі жоқ қадамға бардық. Азаматтарымызға 42 500 теңге көлемінде тікелей төлемдер жасалды. 4,5 миллионнан аса азамат мемлекеттен қаржылық көмек алды.

Несиелер бойынша ұсынылған төлем­дерді кейінге шегеру шамамен 1 миллион 900 мың қазақстандықтың дефолтқа ұшырауына жол бермеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы маңызды тұрақтандырушы рөл ойнады. 6,5 мыңнан астам әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымы жобаларын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бағытталды. Келесі жылы тағы 400 миллиард теңге бөлеміз.

Әлеуметтік жаңғыру аясында гума­нитарлық мамандық иелерінің мәртебесін арттыруға ден қойдық. Мәдениет және өнер саласы өкілдерінің еңбекақысы 50%, дәрігерлердікі – 30%, педагогтердікі 25%-ға өсті.

Біз бүгінгі таңда ұлттың басты стратегиялық ресурсы адам капиталының сапасы екенін білеміз. Білім, идеялар мен технологиялар прогрестің түпкі қозғаушысы болып отыр. Сондықтан біз Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске қостық. Ол осы негізгі бағыттарға арналған шығыстарды ІЖӨ-нің 7 %-на дейін көтеруді қарастырады.

Биылғы дағдарысты жағдайларда күштік құрылымдардың тиімді қызметінің мәні күрт ұлғайды. Карантиндік іс-шараларға жұмылдырылған ішкі істер органдары қызметкерлерін ынталандыру үшін 18 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Келесі үш жыл бойында құқық қорғау құрылымдары мен армияда қаржылық төлемдер орташа 30%-ға ұлғаятын болады.

Қоғамдық тұрақтылық пен елдің әлеуметтік ілгерілеуі берік экономикалық негіз болғанда ғана мүмкін болады. Қатаң шектеулер мен карантинге қарамастан, біз халықтың экономикалық белсенділігін сақтап қалдық, бизнестің ағымда болуына көмектестік. Шағын және орта бизнес субъектілері дағдарысқа қарсы шаралар пакеті аясында несиелік төлемді кейінге шегеру мүмкіндігін, салықтық демалыс­тар мен өзге де жеңілдіктер, преференциялар алды.

Қолдаудың жалпы көлемі 1,5 триллион теңгеден асты. Бұл 8 триллион теңгенің өнімін өндіру көлемін сақтауға мүмкіндік берді. 200 мыңнан аса жұмыс орны құрылды, отандық компаниялар 500 миллиард теңге шамасында мемлекеттік тапсырыс алды. Осылайша, 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 35 %-ға жетуге тиіс.

Пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан, ел қамбасы астыққа толды. Жаңа жолдар салынды, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, тіршілік тоқтап қалған жоқ. Өмір өз ағысымен жалғасып жатыр.

Биыл диқандарымыз 20 миллион тонна бидай жинады. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ шетелге экспорттауға да жетеді.

10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 2600 шақырым тас жол пайдалануға берілді. Еліміздің 10 миллионға жуық тұрғыны көгілдір отын­ға қол жеткізді. Цифрландыру бары­сында жүздеген ауыл интернетке қосыл­ды. Ар­найы күтімге мұқтаж азаматтар­дың тұр­мыс сапасын жақсарту үшін Әлеу­мет­тік қызметтер порталы жұмыс істей бастады.

Мүлде жаңа Экологиялық кодекс әзірленді.

Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог лайықты жалғасын тапты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері, сондай-ақ саяси жаңғырудың негізгі бағыттары талқыланды.

Саяси реформалардың алғашқы пакеті жүзеге асырылды. «Бейбіт жиналыс­тар туралы» өте маңызды жаңа заң қабыл­данды. «Саяси партиялар туралы», «Сай­лау туралы», «Парламент және оның де­путат­тарының мәртебесі туралы» заңна­малық актілерге өзгерістер енгізілді.

Ұлттық кеңестің бастамасымен тоғыз заң қабылданды. Тағы жеті заң жобасы қаралып жатыр. Бұл – Кеңес жұмысының қажеттігі мен тиімділігінің айқын көрінісі.

Біз басшылардың жаңа буынын дайындауға баса мән бердік. Президенттік кадр резервіндегі жастардың жартысынан көбі қазірдің өзінде жауапты қызметтерге тағайындалды. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз.

Барша әлемге қиындық әкелген осы жылы да біршама жетістікке жеттік. Бұл орайда қажырлы еңбегімен жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысып жүрген барлық азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Халқымыз індетті бірге еңсеріп, біртұтас ұлт ретінде бірлігін нығайта түседі деп сенемін.

Біз қазіргідей күрделі кезеңде осал тұстарымызды айқындадық. Алдағы мақсатымызды межелеп, оған жетудің бағыттары мен жолдарын анықтап алдық. Бұл мәселелерге мен өз Жолдауымда толығырақ тоқталдым. Алдағы мін­дет­терді тиімді жүзеге асырсақ, орнықты даму жолына түсетініміз анық.

1

 

Қымбатты отандастар!

Біздің көз алдымызда жаңа әлемдік тәртіп құрылып жатыр. Геостратегиялық белгісіздік жағдайында елдердің халықаралық аренада саяси өзімшілдігі мен экономикалық ұлтшылдығы күшейіп келеді. Біз мемлекеттер арасындағы сенім деңгейінің қалай күрт құлдырап, олардың арасында ресурстар мен ықпал үшін күрестің қандай қатаң форма ала бастағанын көріп отырмыз.

Бүгінде халықтардың жаһандық мәртебесі көп жағдайда технологиялық көшбасшылық үшін жанталасқан жарыс­пен айқындалуда. Сондай-ақ біз бүкіл әлемде діни қарама-қайшылықтардың өрістеуінің және ксенофобиялық көңіл күйдің күшейе түсуінің куәгерлері болып отырмыз.

Қазіргі кезде экологиялық пробле­ма­лар­ өткір айтыла бастады. «Мұнай дәуірінің» таяу арада аяқталатыны туралы болжамдар да нақтырақ сипат алып келеді. Осы сын-қатерлер мен әлемдік тепе-теңсіздіктер коронавирус пандемиясының аясында күрт ушығып отыр. Сондықтан елді дамытудың ішкі және сыртқы міндеттерінің үйлесім табуының маңызы күрт артады.

Бізге Қазақстанның нақты бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін барлық күш-жігер мен ресурстарды жұмылдыру қажет. Бүгінде әрбір азаматтың ұлтты топтастыру мен Тәуелсіздік құндылықтарына алғаусыз қызмет етуі қай кездегіден де маңызды.

Біз көпжақты құрылымдар мен Бірік­кен Ұлттар Ұйымының рөлін күшей­туге ықпал ете отырып, өзіміздің сырт­қы бағытымызды халықаралық қауіпсіз­дік жүйесін нығайту жолында жалғас­тырамыз. Өзіміздің ұлттық мүддемізді берік қорғап, қазіргі заманғы көп полярлы әлемде өзінің тиімділігін дәлелдеген теңдес­тірілген және конструктивті сыртқы саясатымызды дәйектілікпен жүргі­зетін боламыз.

 

Қадірлі әлеумет!

Егемендік дәуірінің тағы бір парағы ел шежіресіне еніп, тарих таспасына жазылды.

Биыл Абай Құнанбайұлы және Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойлары өтті.

Біз халқымыз үшін маңызды бұл шараларды мазмұнды әрі мағыналы етіп ұйымдастыруға күш салдық.

Тарихи тұлғалардан өнеге алуға, тағылымды ой толғауға мән бердік.

Әл-Фараби заманынан бері тұтас дәуір, Абай қоғамынан бері ғасырдан астам уақыт өтті.

Бірақ ұлыларымыздың асыл мұрасы күні бүгінге дейін өзекті.

Дала данышпандары – әрдайым болашаққа бағыт сілтейтін айнымас темірқазығымыз.

Ұлттың жаңа болмысы тұғырлы тұлғалардың өсиетінен, өнегесінен бас­тау алады.

Тағылымды тарих пен кемел келешекті ұштастыру – Рухани жаңғырудың басты шарты.

Сондай-ақ киелі Түркістанды түлету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Ұлытауда Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталды.

Ұлыларды ұлықтап, тұлғаларды таныту – біздің бұлжымас салтымыз.

Бұл мерейтойлардың мән-маңызы Тәуелсіздік құндылықтарымен астасып жатыр.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Тәуелсіздігіміздің 29-жылы күрделі, драматизмге толы, қалыптан тыс болды. Осы тақылеттес тағдыршешті сынақтар әр буынның басына түсе бермейді. Болашақта ұрпақтарымыз біздің күш-жігерімізді лайықты бағалайтынына сенімдімін. Жаһандық дағдарыстан  шыныға отырып, алдымызға бұдан да батыл мақсаттар мен міндеттер қоямыз.

Алдағы жыл біз үшін межелі жыл болады. Ол Отанымыз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл – қорытынды шығарып, өткен жолымызды саралайтын уақыт. Біз халқымыз үшін аса маңызды осы датаны нақты істерімізбен және жаңа жоба-жоспарларымызбен атап өтеміз.

Біз даңғаза акциялар мен пафостық іс-шаралар форматынан бас тартамыз, барлық жұмыс барынша прагматикалық тұрғыда, мен айтар едім, үнемді жасалатын болады. Біз экономикада, әлеу­меттік салада, экологияда ауқымды жүйе­лі шаралар кешенін жүзеге асыруды жал­ғас­тырамыз. Халықтың барлық жігінің, әсіресе жастардың, әйелдердің, мүмкін­діктері шектеулі адамдардың мұқтаж­дық­тары мен қажеттіліктеріне жіті назар аударамыз.

Біз елімізді саяси жаңғырту үдерістерін берік жалғастыру ниетіндеміз. Қазір реформалардың толық пакеті дайындалу үстінде, ол турасында келесі жыл­дың басында жариялайтын боламыз. Бұл елімізде «құлақ асатын мемлекет» құруға, әділетті және тең мүмкіндіктер қағи­дат­тарын ілгерілету мен бекітуге бағыт­талған демократиялық өзгерістерге жаңа серпін береді.

Еліміз үшін алдағы жылғы маңызды оқиға Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары болады. Олар біздің қоғамның жоғары азаматтық белсенділігі мен саяси толысқандығының айғағы болатынына сенімдімін. Сайлау науқаны Қазақстан мемлекеттілігінің институттық орнықтылығын тағы да айқын дәлелдейді.

Әр жыл сайын тәуелсіздіктің асқақ ғимаратының жаңа қабаттарын тұрғыза отырып, біз еліміз бен ұлтымыздың бола­­шағын да жүйелі қалыптастырып  келе­міз.

Біз өскелең ұрпақ үшін дамудың кең де қызықты көкжиектерін ашамыз. Олардың жасампаздық пен прогресс жолында жаңа биіктерді бағындырып, тәуелсіздігіміздің туын қазіргіден де жоғары көтере алатынына сенімдімін.

Құрметті қауым!

Қазақстанның бүгінгі жетістіктері – барша отандастарымыздың ортақ еңбегінің жемісі.

«Азаттық – елдің мұраты, абырой – ердің мұраты» дейді халқымыз.

Мемлекетіміздің дамуы жолында адал қызмет атқарып жүрген дара тұлғаларымыз баршылық.

Біз жыл сайынғы дәстүр бойынша тәуелсіздік күні қарсаңында осындай азаматтарды ұлықтаймыз.

Бүгін менің Жарлығыммен бірқатар қайраткер мемлекеттік марапатқа ие болды.

Атап айтқанда, биыл еліміздің ең жоғары атағы Мұрат Амангелдіұлы Қайыргелдинге берілді. Ол өндіріс саласын өркендетуге қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.

Осындай азаматтардың еңбек жолы – көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа жақсы үлгі.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы сондай-ақ Теміртау металлургия комби­на­тының атқарушы директоры Вадим Борисович Басинге де беріледі. Кәсіп­орында 30 жылдан астам жұмыс істеген ол зауыттың жұмысшысынан топ-менеджеріне дейінгі жолдан өтті.

Биыл жоғары мемлекеттік награ­далар, сонымен қатар бір топ дәрігер мен медиктерге берілгенін, олардың ішінде өз  өмір­лерін коронавирус пандемиясымен күрес­те қиғандар да бар екенін ерекше атап өткім келеді.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы­на қаза тапқаннан кейін Олег Николае­вич Исаев, Қалихан Есбосынұлы Қозба­ғаров лайықты деп табылды. Олардың ер­жүректігі мен батырлығы қазақстан­дық­тардың жадында әрдайым сақталады.

Бүгін «Отан» орденімен жезтаңдай әнші Майра Мұхамедқызы марапатталды.

Майра – әлемнің ең әйгілі сахналарынан жарқырай көрініп, қазақ өнерін дәріптеп жүрген дарын иесі. Өкінішке қарай, Майра денсаулығына байланысты бүгін келе алмады.

Баршаға танымал талантты өнер саңлақтарының бірі Жәния Әубәкірова бірінші дәрежелі «Барыс» орденін иеленді.

Оның өнері мен шеберлігі халық­аралық деңгейде мойындалған.

Сондай-ақ бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен көрнекті ақын Шөмішбай Сариев марапатталды.

Ол – өзіндік өлең өрнегі арқылы ел құрметіне бөленген қаламгер.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен подполковник Иван Валерьевич Гаврилко марапатталды. Ол отқа оранған жойғыш ұшақты елді мекеннен бұрып әкетіп, көптеген адамның өмірін сақтап қалды.

Белгілі қоғам қайраткері, дінтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлы «Құрмет» орденіне лайық деп танылды.

Ол жас ұрпақтың жаңаша көзқарасын қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді.

Сонымен қатар «Құрмет» орденімен тарихшы ғалым, танымал қаламгер Тұрсынхан Зәкенұлы марапатталды.

Белгілі әнші Светлана Айтбаева «Құрмет» орденімен наградталды.

Ол өнерімізді дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге мол үлес қосып келеді.

«Құрмет» ордені «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының» аға фельдшері Фатима Якуповна Жакеноваға тапсырылатын болады. Көптеген жыл бойы денсаулық сақтау саласында қайсарлықпен еңбек етіп келе жатқан ол бүгінде коронавирус­пен күреске айтарлықтай үлес қосып жүр.

Полиция инспекторы Берікбол Көк­сегенге «Ерлігі үшін» медалі беріледі.

Берікбол қызметтік міндетін атқару кезінде адам өмірін ажалдан арашалап қалды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Нұр-Сұлтан қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қайырбек Нұрланұлы Жұманбаев марапатталады. Ол ажал аузындағы адамды құтқару кезінде шешімталдық пен батырлық таныта білді.

Танымал журналист Юлия Кушнарева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Мемлекеттік наградалармен басқа да белгілі журналистер атап өтілді.

Ұлттық нейрохирургия орталығының бө­лім меңгерушісі, білікті дәрігер Серік Кә­рі­байға «Шапағат» медалі табыс етіледі.

Сондай-ақ биылғы Волонтер жылында ерен еңбегімен ерекшеленген Нұрбану Әмірғалиева, Наталья Коновалова және Сәуле Мұқашева «Шапағат» медалімен марапатталды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында жоғары наградалармен бірге, өз саласында елеулі табыстарға жетіп, зор еңбек сіңірген бірқатар азаматқа мемлекеттік сыйлықтар тапсырылады.

Биыл «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы» академик Төрегелді Шармановқа берілді. Ол медицина саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достық пен өзара сенімді нығайтуға ерекше үлес қосты.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы» 10 жыл бойы еліміздегі жоғары білім берудің флагманы – Назарбаев Университетті басқарып ке­ле жатқан Шигео Катсу мырзаға берілді.

Халықтың ой-санасы және таным деңгейі рухани қазынасына қарап бағаланады. Ұлы Абайды ұлықтаған жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болудың мән-маңызы зор. Әдебиет пен өнер саласындағы ең таңдаулы шығармалар үшін берілетін жоғары марапат биылдан бастап ұлы ақынның атымен аталатын болды.

Биыл көрнекті жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетов пен Роза Мұқанова, белгілі ақындар Серік Ақсұңқар мен Бақытжан Қанапиянов, танымал әдебиеттанушылар Мырзатай Жолдасбеков, Сауытбек Абдрахманов және Ғарифолла Есім мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сіздердің туындыларыңыз қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық сананы байыта түседі деп сенемін.

Ұлы Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз» деп, бар игіліктің бастауы ғылым екенін баса айтқан. Осы салада зор табысқа жеткен азаматтар да бүгін біздің ортамызда. Олар ғылым мен өндірісті ұштастырып, елімізді өркендетуге өз үлестерін қосуда.

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық Қарағанды техникалық университетінің профессоры Аристотель Исағұлов баста­ған ғалымдар тобына берілді. Олардың зерттеу жұмыстары техника саласына жаңа технология енгізуді көздейді.

Сондай-ақ осы сыйлыққа Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жетекшісі Абай Байгенжин бастаған бір топ ғалымдарымыз лайық деп танылды. Олардың еңбегі инновациялық технологияларды клиникалық медицинада қолдануға арналған. Бұл – отандық денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды ғылыми жұмыс.

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық маңызды ғылыми жұмыстардың циклы үшін Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры Махмұд Абдысаметұлы Садыбековке беріледі.

Қадірлі қауым!

Сіздерді бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір.

Қасиетті Отанымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!

Баршаңызға толағай табыс тілеймін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы бола берсін!

 

 

https://egemen.kz/article/258693-prezident-qasym-zhomart-toqaevtynh-tauelsizdik-kuni-qarsanhynda-otken-memleketti
© egemen.kz

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *