Дінді мемлекет көзден таса етпеуі тиіс. Зайырлы қоғам болсақ та, дін бақылауда болғаны абзал. Біреуге қалай сиынуды үйрету үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін.
Әзербайжан сүнниттер мен шиіттер тату өмір сүріп жатқан мемлекет. Жалпы бұл елдің діни ахуалын дінтанушыларымыз шемішкеше шағып тұр деген ойдамын. Халқының 90% мұсылманбыз деп жауап қатса да, қоғамдағы діннің орны мен рөлін мемлекет реттейді. Ол дұрыс.
Таяу Шығыста сүнниттер мен шиіттер бір-бірін атып, асып, жағып, жойып жатқанда, Әзербайжанда олар бір дастарханда шай ішіп, бір тойда би билеп жүр. Бұл жақсы.
2015 жылы Әзербайжанда “Экстремизммен күрес” заңы қабылданып, елдің тұтастығы мен тыныштығын бұзатын радикалды қозғалыстар жазалана бастаған. 2016 жылы Ильхам Әлиев елде мультикультурализмді кең насихаттап, алғаш рет “Гейдар мешітінде” сүнниттер мен шиіттер бірлесе намазға жығылған. Содан бері әр жұма сайын мешіттерде сүннит және шиіт имамдар бірлесе дұға оқиды екен. Әрине, сүнниттерге арналған және шиіттерге арналған өз мешіттері бар. Алайда кез келген мұсылман ол мешітке кіріп те, мазхабына қарамастан дұға оқып, намазға жығылуға болады. “Алланың үйі ортақ” дейді олар.
Бұл өте тиімді модель. Себебі Әзербайжан халқының 90% мұсылманбыз десе, соның ішінде 75% шиіт, 25% сүннит. Олар өзара діни тұрғыдан қырқысып жатса, Қарабақ та, басқа да кері қайтпай, ел ыдырар еді. Мемлекет сол себепті де дінді реттеп, татулықты сақтаудың амалын тауыпты. Әр төртінші отбасында сүннит-шиіт арасындағы неке бар. Олар тату-тәтті өмір сүруде.
Радикализммен күрес бұл елде де жүріп жатыр. Ол жалмауыздардың кірмеген елі жоқ қой. Соның кесірінен ДАИШ(ИГИЛ) аттанып кеткендер саны 1 мыңнан асатын көрінеді. Бірақ мемлекет дереу есін жиып, соттайтынын соттаған.
Көзімізбен сараптауға тырыстық. Ұзын сақал, қысқа балақтар аз екен. Әй бір екі-үшеуін ғана көрдім-ау. Күн көзі өтпестей бүркенгендер де көп емес. Мүмкін олар жүретін, тұратын аудандарда болмаған шығармыз.
“Тамызда Қарабақта қақтығыс басталған сәтте, іштен бүлік шығармасын деп қамап тастаған біразын” деді қонақ үйдегі жігіт. Рас-өтірігін білмедім. Дей-тұра рас болар. Мен басшы болсам, солай етер едім.
ПыСы: Әзербайжанда 2200 мешіт бар, ал бізде 2650. Әзербайжан халқының 90% мұсылман, біздің 70% мұсылман (бейресми). Жай сандар ғой.
Суретте Шамахы қаласындағы Жұма мешіті. 743 жылы салынып, 2013 жылы қайта жаңартылған.
Асхат Қасенғали