193 БАЛА…
… қаза тапты. Армян әскерінің оғынан!
Бір күнде емес, әрине, 1988-92 жылдардан бері біресе баяу, біресе өршіп келе жатқан отыз жылдық соғыстың құрбандары ғой.
Қарабақтың қырғыны ғой сол. Кеңес кезінде берілген автономия бас-аяғы жиырма-отыз жылдың ішінде әлемді алаңдатар мәселеге айналар деп Әзірбайжан тарапы ойламаған шығар. Ойласа, жау пиғылдыға жарты тұтам жер берер ме еді?!
Хош, Қарабақта шоғырланған армяндар автономия алған соң-ақ Құдайды ұмытыпты. Қарабақта қару дауысы 1992-94 жылдары алғаш естілген екен, содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті, тыныштық жоқ.
Картаға қарасаң, қаның қайнайды: Елдің қақ ортасында жатқан алақандай жер. Армянмен ортақ шекарасы, қарыс жері жоқ. Жан-жағы сыңсыған әзірбайжан. Сүйте тұра, оқ атады, адам өлтіреді, қару қоқаңдатады, әйтеуір тыныш жатпайды…
Жаңа ғана ӘР ның ҚР дағы елшісі Рашад Мамадовтың бір сұхбатын оқығам. “Елдестірер” кісінің өзі дипломатиялық әдеп нормаларын сақтағысы кеп сақтанғанымен қаны қайнап-ақ отырғаны сезіледі әңгімесінен.
“Өз елімізде өгей боп отырмыз” деп зар илейміз ғой. Айналайын екенбіз. Әзірбайжанның көрген құқайының ширегін көрмеппіз, бетін аулақ.
Тоқсаныншы жылдары автономияға қарумен қосып алған Қарабаққа бүгінде жаңа ат берілген. Арцах деп атайды екен. Тікелей Армениядан қолдау алады, онысын жасырмайды да. Автономия шекарасы ішінде қалған Әзірбайжан мәдениетінің, тарихының жәдігерлері толық талқандалып, жойылған. Іштегі әзірбайжанның бәрін бостырып жіберіп, олардың орнына жан-жақтан қашқан армянды, Сириядағы соғыстан қайтқан жауынгерлер мен күрд жұмысшы партиясының қарулы жасағында қызмет еткен еріктілерді жиып жатыр.
Оның үстіне, 2018 жылы төңкеріспен билікке келген Пашинян жуырда ғана жалпыұлттық әскерге шақыру жарлығын шашқан және ең алдымен өзінің ұлын әскерге жіберген.
Ау, осының бәріне Әзірбайжан неге көнеді?
Не деген көнбіс халық бұл?
Кімнен қорқады?
Өз Отанында отырып неге дірілдейді?
Жо-жоқ, Әзірбайжан қорықпайды. 10 миллион әзірбайжан екі-ақ миллион армяннан неге қорықсын? Әскері де күшті, техникасы да мықты, зеңбірекке жүгінсе жарты-ақ сағатта жапырып тастай салады Қарабақтағыларды.
Үйтпейді. Үйткізбестері бар. Ең бастысы, Әзірбайжан әуел бастан соғысты қолдамайды. Қан төккенді қаламайтын бейбітсүйгіш халық. Ал, басқыншы болса Әзірбайжанның соғысты айыптайтын адал ниетіне арсыздықпен жауап қатады.
Дәл қазір Қарабақта соғыс жүріп жатыр. Қыра бергенге қашанғы шыдасын 27 қыркүйек күні таңда армян тарапы бастаған атысқа Әзірбайжан да оқпен жауап қатыпты. Ә дегенше-ақ алғашқы шабуылмен алты ауылын армян тырнағынан тартып алыпты.
Хош… Соғыс болған соң екі жақ та шығынсыз болмайды, қан төгіледі. Жақсы нәрсе емес қой.
Бірақ, Отанын қорғап өлген ақ шейіт пен жат жерге көз алартқан басқыншының Өлімінде айырма бар.
Соғысты мен де ұнатпаймын, бірақ, Қазақияны қорғау керек болса “еркек тоқтымын”
Сондықтан, Түркі екеніміз, діндес бауыр, рухтас сыбай екенімізді былай қойғанда, Елі мен Жерін қорғаған Азаматтық тұрғысынан да Әзірбайжан халқының қимылын дұрыс санаймын!
P.S. Қарабақ – үлкен, қалың бақ әзірбайжан тілінен бері қотарсақ. Ал, армяндар қазір Степанакерт деп жүрген жердің тарихи аты – Ханкенді. Аударудың қажеті жоқ қой, ханның кенті деп түркіше айғайлап тұр ғой.
P.S.S. Галустян, Мартиросян, Мхитариян секілді атақты “янның” бәрі жанталасып жазып жатыр. “Бізге соғыс керек емес” дейді шулап. Ал, Пашинянға керек сияқты соғыс…
– Илхам Гейдарұлы Томиристің Кирге айтқан сөзін айтатын сияқты жуырда…
Алмас Алтай
(жазба автордың ФБ парақшасынан алынды)