Қадірлі достар, қымбатты бауырлар!
Бүгін 3 қазан — Түркі әлемінің ынтымақтастық күні!
2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. Аталған жиын барысында тарихи шешім қабылданып, бауырлас түркі халықтарының бірлігін нығайтуды көздеген интеграциялық құрылымның негізі қаланды.
Осылайша Нахчыванда өткен Саммитте Түркі кеңесі, Түркі академиясы, Түркі мәдениет және мирас қоры, Ақсақалдар кеңесін құру туралы шешім қабылданды.
Содан бері бауырластық байланыстар бекем болып, аталған құрылымдардың қанаттары бекіп, ТҮРКСОЙ, ТүркПА ұйымдары да нығая түсті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі Кеңесінің ІІ саммитінде: «Түркі Академиясының, Мәдени мұра қорының құрылуы біздің жастарымызды жақындастыру, ортақ мұраны зерделеу үшін тарих пен тілді бірлесіп үйренуге деген ықыласымызды білдіреді», – деген болатын. Осы 3 қазан күнгі тарихи шешімнен кейін түбі бір түркі жұрттары өзара жақындасып, бірлік-берекесі артып келеді. Атап айтқанда, Елбасының бастамасымен Түркістанның мәртебесі айқындалып, түгел түркінің төріне айналды. Бауырлас елдердің ынтымақтастығын бекемдей түскен Түркістандағы Саммитте «Түркістан декларациясы» қабылданып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды.
Түркі әлемінің ынтымақтастығы арта берсін!
Бауырластық бекем, бірлігіміз берік болсын!
Құрметпен,
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі
>twesco