Ұлық ұлыстың атасы

Биыл Ұлық ұлыс – айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдығын лайықты атап өту және ұлыстың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау туралы сөздерін зор ықыласпен қабылдадық.

Жошы хан (1180–1227 жж.) негізін қала­ған, Алтайдан Альпіге, Ертістен Ду­най­ға дейінгі алқапта билік еткен, Дешті-Қыпшақ даласында шаңырақ кө­терген алып мемлекет әдепкіде Ұлық ұлыс деп аталды. Кейін бұл атау орыс, славян, батыс жылнамаларында хан ордасының алтынмен көмкерілген ордалық киіз үйіне қарай Алтын орда деп аталып кетті.

Тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Ұлық ұлыс Қазақ хан­­дығының бастауы саналады. Оның бай тарихы қазақ даласымен және хал­қы­мыздың негізін құраған ру-тайпа­лар­мен тығыз байланысты. Алайда жұртшылықтың көбі, әсіресе шетелдіктер Ұлыстың атасы Жошы ханның мазары Ұлытауда жатқанын біле бермейді. Бұл ескерткіштің Шыңғыс қаған мен оның әулетінен жер бетінде қалған жал­ғыз белгі екенінен де көбіміз хабарсызбыз. Оған 2017 жылы Ұлытауға жасаған халықаралық экспедиция бары­сын­да көзіміз жетті. Ұлы қаған мен Жошы­ның ұрпақтары тұрмақ, кешегі Қазақ хандығының негізін қалаған тұғырлы тұлғалардан көзге түсерлік, жадыны жаң­ғыртарлық естелік белгі тым аз қал­ған жоқ па? Ендеше Сарыарқаның сайын даласының төрінде сан ғасырдан бері көненің көзіне, алтын аңыздың сөзі­не айналған бұл аруақты ескеркіштің қас­тер­лі қазақ даласының Алтын Орданың мирасқоры екенін әйгілеп тұрғаны анық!

 

Жошы ханның жұмбағы

Жошы – жолшы, жолаушы, қонақ деген мағына береді. Оның жолда дүниеге келгені, анасының ұзақ уақыт меркіт руы арасында тұтқын болғаны, сондықтан тегінің де «күмәнді» екендігіне қатысты әртүрлі әңгімелер көп айтылды. Көбіне бұған дәлел ретінде де Шыңғыс ханның меркіттермен соғысын алға тартады. Ал Жошы ханның бұл тарихын әйгілі Рашид ад-дин (1247 – 1318 жж.) «Жамиғ ат-тауарих» шығармасында былайша баяндайды: «Жошы хан Шыңғыс ханның ұлдарының арасындағы ең үлкені болатын. Шыңғыс ханның әйелі Бөрте ханым Жошы ханға жүкті болды. Осы уақытта меркіт руы, ыңғайлы сәтті тауып Шыңғыс ханның үйін тонап, оның жүкті болған әйелін де тұтқынға алып кетті. Бұл ру осыған дейін керейіт патшасы Оң ханмен дұшпан болып, дауласып келген болса да, сол кезде олардың арасында бейбітшілік орнаған еді. Сондықтан олар Бөрте ханымды Оң ханға жіберді. Ол Шыңғыс ханның әкесімен екеуі анда болғандықтан әрі Шыңғыс ханды ұлым деп атағандықтан, Бөрте ханымды сыйлайтын әрі құрмет ететін» дей келе, бұл жағдайдан хабардар болған Шыңғыс ханның Оң ханға Бөрте ханымды қай­та­рып беру туралы өтінішпен жалайыр руынан шыққан Саба есімді әміршіні жібергені туралы баяндайды. Оң хан Бөртеге қамқорлық жасап, оны Сабамен бірге қайтарған. Әрі қарай Рашид ад-дин былай жалғастырады: «Жолда кенеттен дүниеге ұл туды, осы себептен оны Жошы (Жолшы) деп атады. Жол қауіпті болғандықтан бесік құрастыру қиын еді. Саба біраз жұмсақ қамыр илеп, оған баланы орап алды да, оны өзінің етегіне салып алды. Ол оны абайлап алып жүріп, Шыңғыс ханға жеткізді. (Жошы) өскенде әрдайым әкесіне еріп жүрді және сәттілік кездерде де, қиындық кездерде де үнемі оның жанында болды».

Демек, Бөрте тұтқынға түскенге дейін жүкті болған, ал аяғы ауыр келіншекті меркіттер Оң ханға берген. Шыңғыс ханды ұлындай көрген керей ханы оны еріне қай­тарған. Бұл мәлімет Моңғолдың құпия ше­жіресінде және Мырза Ұлықбектің «Улус-и арба-и Чингизи», Әбілғазы Ба­һадүр ханның «Түрк шежіресі», Қа­дыр­ғали би Жалайыридің «Жамиғ ат-та­уарих» еңбектерінде қайталанады. Мырза Ұлықбек тұтқынға түскенде Бөр­тенің алты айлық жүкті болғанын жаза отырып: «Ұлы Сахиб-и Қыран Шың­ғыс ханның мейірімділігі, махаббаты мен игі ниеттілігі шамадан тыс бол­ған­дығы соншалық, Шағатай мен Үгедей қызғаныштан осындай үлкен өтірікті ойлап тапты» деп, олардың Жошыға жала жапқанын айтады. Ендеше Жошының тегіне байланысты күмән болмауы тиіс деп ойлаймыз.

Өзі ғалым, өзі хан Ұлықбек «Шыңғыс хан Жошыны өзге ұлдары мен қыздарынан көбірек жақсы көрді» дейді. Бұл рас сөз сияқты. Мәселен, «Моңғолдың құпия шежіресіне» жүгінсек, Қоян жылы (1207) оң қанат әскерімен Орман еліне аттанған Жошы мәмілегерлік тәсілмен ойрат пен қырғызды бағындырып оралғанда Шыңғыс хан сүйсініп: «Ұлдарымның ағасы сен үйден шыға сала жолың болып, барған жеріңде ерді жарақаттамай, жылқыны қинамай, ырысты Орман ел-жұртын түгел бағындырып келдің. Осы ел-жұртты саған берейін», деп жарлық еткені баяндалады. Бұл – ұлы қағанның ұлына сүйсініп, сенгенін, болашақ мұрагер ретінде үміт артқанын көрсетеді. Жошы бұдан кейін Дешті-Қыпшақ даласы мен Сартауылға (Хорезмге) жасаған жорықтардың басында жүрді. Ол барлық сапарларынан тек жеңіспен оралды. Парсы тарихшысы Жузжани (1226)  еңбегінде «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өте батыл, қайсар, ержүрек жауынгер болды. Оның күш-қуаты сонша­лық­ты, тіпті әкесі одан сескенетін еді» дейді.

Дүниеге келуі көп әңгімеге негіз бол­ған Жошының өмірден озуы да, өлімі де жұм­­бақ. Өтеміш қажы «Шыңғызнаме» шы­ғармасында «Шыңғыс хан бір тарапы Бағдат, екіншісі Үндістан, үшіншісі Дешті-Қыпшақ пен Еділ дариясы болған уә­лаят­тарды жаулап алғаннан соң, осы уә­лаят­тарды өзінің ұлдарына бөліп берді… Жошы хан ұлдарының үлкені еді. Шың­ғыс хан оған үлкен әскер берді де, Дешті-Қыпшақ уәлаятына тағайындап жібер­ді: «Аттарыңа жайылым болсын» деп Хорезм уәлаятын тағы берді. Жошы хан Дешті-Қыпшаққа бет алып, әйгілі Ұлытауға жетті. Бір күні тауда аң аулап жүргенінде оған бір табын ма­рал-киік кезігеді. Аңды қуалап жүріп атарда ол атынан жығылды да, содан мойны үзіліп, мерт болды» деп жазады. Ал Ұлықбек: «…Ордаға Жошы ханның өлімі туралы хабар келгенде, хабарды ұлы Сахиб-и Қыран Шыңғыс ханға жеткізуге ешкімнің батылы жетпеді. Ақыры әмір­лер бір шешімге келді: ханға жақын ұлы әмірлердің бірі Ұлық жыршыдан бұл хабарды мүмкіндігінше жеткізуін сұрау. Содан соң ұлы Шыңғыс хан жыр айтуға бұйырғанда, Ұлық жыршы ыңғайлы уақыт тауып жеткізгенін» жазады. Әрі қарай оқиға былай өрбиді:

Теңіз бастан бұлғанды, кім тұндырар, а, ханым?

Терек түптен жығылды, кім тұрғызар,а, ханым?– деп сұрайды жыршы.

Шыңғыс хан бұған:

Теңіз бастан бұлғанса, тұндырарұлым Жошы-дүр,

Терек түптен жығылса, тұрғызарұлым Жошы-дүр!– жауап береді.

Бірақ жыршы өзінің өлеңін қайталай беріп, көзінен жас ағып тұрды. Мұны көрген Шыңғыс хан секем алып:

Жырың көңіл үркітер,

Жошы ұлым өлді ме? – деп сұрайды.

Сонда жыршы Шыңғыс ханға қарап:

Сөйлемекке еркім жоқ, сен сөйледің, а, ханым!

Өз еркіңмен өзіңе жауап бердің, а, ханым! – деген екен егіліп.

Осы кезде Шыңғыс хан да:

Құлыны өлген құландай,құлынымнан айрылдым,

Айрылысқан аққудай, ер ұлымнан айырылдым! – деп жоқтаған екен.

Бұл дерек қазақ аңыздарымен де сәй­кеседі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Ала­ша ханның Жошы хан деген жалғыз бала­сы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгі­сі­не еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жы­ғылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтұғын сөз содан қалған», – деген дерек келтіреді. Халық күйі «Ақсақ құлан» да осы аңыз­бен сарындас шыққан. Мұнда Ұлық жыршы Кетбұқа, Кербұға күйші деп аталады. Тек алдыңғы деректе Шыңғыс хан өзін «құлыны өлген құланға» теңеп отырса, халық фольклорында Жошының ажалы құланнан болған. Бұл аңызға сенсек, Арқадағы Алаша хан – Жошы ханның әкесі болып шығады.

Жошының өлімі туралы Рашид ад-дин­нің дерегі де қызық. Ол Отырарды алған­нан кейін әкесінің бұйрығын тыңдамай, өз меншігіндегі елге кетіп қалған Жошыға Шыңғыс ханның ашуланып, «өлімге кесем, оған мейірім болмас!» дегенін жазады. Осы дерекке сүйенсек, Жошы көп ұзамай сырқаттанып қалған, сөйтіп әкесінен кешірім сұрап, оның шақыртуларына бара алмаған. Соңғы рет шақырту жібергенде келмегенде құзырына шық­қан бір маңғұт Жошының тауда аң аулап жүргенін көргенін айтады. Бұған ашуланып, «ол бүлік шығарып, әкесінің сөзіне мән бермейтін болған екен» деп ойлаған Шыңғыс хан Жошыны жазалау үшін Шағатай мен Үгедей басқаратын әскерге жорыққа шығуға бұйрық береді. Өзі де жорыққа аттанбақ болып тұрғанда Жошының сырқаттан қайтыс болғанын естіп, қатты қапа болады. Артынша әлгі жалған сөйлеген маңғұтты іздеткенімен, оны таба алмайды. Шыңғыс хан мен оның әулеті жөніндегі ең сенімді жылнамалар жинағы осылай дейді. Бұған қарап Шағатай мен Үгедейдің шағыстыруымен Шыңғыс хан мен Жошының арасы суып кеткенін аңғаруға болады. Тіпті, әлгі маңғұтты Жошының екі інісі әдейі ұйым­дастыруы әбден мүмкін. Сондықтан Шыңғыс хан Жошыны «тағыма таласады» деген күдікпен жансыздары ар­қы­лы өзі өлтірді деген де болжам бар.

 

Көк күмбезді кесене

Жошы қайтқаннан кейін Ұлы далада, Ұлытау өңірінде әсем кесенесі бой көтерді. Кесене маңында Жошы ордасы деген жер бар. Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан Жошы хан кесенесі порталды-күмбезді құрылыс түріне жатады. Күмбезі көгілдір түсті глазур­мен жабылған, күйдірілген кір­піш­­термен қаланған. Ж.Смаиловтың жетек­шілігімен Жошы хан мазарына жүргізілген қазба жұмыстары бары­сында шикі кірпіштен салынған қоныстардың орны анықталған.

Ұлытау өңіріндегі бұл кесенелер туралы алғаш рет XVI ғасырдағы Хафиз Таныштың «Шараф-наме-и шахий» атты еңбегінде кездеседі. Аталған тарихи еңбекте 1552 жылдың көктемінде Бұхара билеушісі Абдаллахтың Ұлытауға жасаған жорығында осы Жошы хан кесенесі маңындағы сарайға тоқтағаны туралы жазылады.

Жошы хан кесенесі туралы академик Қаныш Сәтбаев «Доисторические памятники в Джезказганском районе» атты зерттеу мақаласында: «Басқағыл тауының оң жағында, Кеңгір өзенінің жағасында күйдірілген кірпіштен соғылған, күмбезді, төртбұрышты көне үш кесене сақталған. Кесенедегі кірпіштің пішіні мен көлемі «алтынор­да­лық стильге» жақын. Халық арасындағы аңызға сүйенсек, бұл кесенелер Алаша хан, Жошы хан және дәулескер күйші Домбауылға тиесілі екен» деп жазды.

Одан кейін 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан Жошы хан кесе­не­сі­не алғаш рет археологиялық қазба жұ­­мыстарын жүргізеді. Кесененің ішіне қазба жұмысын жүргізгенде екі қа­бір анықталған болатын. Бірінші қабірден темір шегелермен бекітілген ағаш табыт­тың қалдықтары табылған. Қаз­ба­ны жал­ғастыра түскенде қабірдің түбінен үстің­гі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шыққан. Ең қызықтысы, сүйектерді жи­нас­тырғанда бір қолдың сүйектері же­тіс­­пейтіндігі анықталды. Қабірге орта жастағы ер адам жерленген екен. Қабір­ден жабайы жануар сүйектері, түйенің бас сүйегі, былғарының бөлшегі, мата және ту табылды. Ғалым әсіресе қабірге жабайы жануарлардың сүйегінің қойылуына аса мән бере отырып, бұл факті «Жошыны аң аулап жүргенде жабайы құландар теуіп өлтірді деген тарихи деректерді қуаттайды», – дейді. Ә.Марғұлан қабірден табылған архелогиялық артефактілерді, аңыз-әңгімелер мен жазба деректердегі мәліметтерді салыстыра келе, бұл кесе­не­дегі қабірлер Жошы хан мен оның әйелдерінің біріне тиесілі деген шешімге келеді. Бір аңыздарда Жошы хан қабірге бір қолсыз жерленген десе, келесі аңызда бұл кесенеде Жошының тек бір қолы немесе «Жошы ханның шынашағы» қо­йыл­ған дейді. Ә.Марғұлан кесенені 1228 жылы, марқұмның жылдығына дейін тұрғызылған дейді.

Археолог Ж.Смаилов кесененің салы­ну мерзімі туралы: «Өзбек хан тұ­сында Алтын Ордада ислам діні гүл­де­ніп, мемлекеттің ресми дініне айнал­ды. Осы уақытта Жошы әулеті ата-бабаларына арнап кесене тұрғыза бастады, солардың біріншісі Жошыға арналса керек. Кейіннен мұнда Жошы ұрпақтарының бірі жерленген болуы мүмкін», деген пікірді алға тартады.

Зерттеушілердің арасында кесененің уақытына қатысты түрлі пікірлер болға­ны­мен, оның сәулеттік құрылымы Қара­хан дәуірінің архитектуралық ескерт­кіш­терінен алыс кетпегенін байқаймыз. Ескерткіштің жоғары жағының күм­без­ді болып орнатылуы шығыстық, мұ­сыл­ман­дық үлгіде орындалғанын көр­сетеді. Осы кесенеге қазба жүргізу бары­сында табылған тарихи-мәдени құндылығы жоғары жәдігердің бірі – араб жазуы бар плита ойымызды қуаттай түседі. Бұл деректер кесене салынған уақытта Ұлық ұлыстағы ислам дінінің әлеуетін көрсетеді. Ғалымдар археологиялық, архи­тектуралық ерекшеліктеріне қатыс­ты ғылыми-зерттеу жұмыстарының қоры­тындылары бойынша кесене Жо­шы­ға арнап орнатылған деген тоқтам­ға жүгінеді. Біздіңше, бұл кесенені Жошы­ның ұлы Берке салдырған болуы тиіс. Тарихшы Жузжани Берке хан туралы «Жошы ханның ұлы Берке жорық кезінде мұсылман жерінде туған екен. Берке туар кезінде анасына Жошы былай деген екен: «Осы ұлды мұсылман ене асырасын, кіндігін мұсылман кессін, Берке мұсылман ананы еміп өссін, ол мұсылман болып өссін». Егер осы әңгіме шын болса, Жошыға Алла тозақ отын жеңілдетсін. Сөзсіз осы батамен Берке өсіп ержеткен соң мұсылмандыққа бет бұрды. Осы заман 658 хижра жылы (1259 – 1260) Жошыдан қалған мұсылман билеуші осы болатын» деп жазған екен. Бұл дерек бізді Жошы заманы ұлыста мұсылмандықтың бастауы болды деген ойға итермелейді. Жошының бір баласының есімі Мұхаммед болуы да ойымызды бекіте түседі. Ендеше, ислам дінін қабылдаған Беркенің өз әкесін мұсылман ғұрпымен жерлеуі әбден мүмкін.

Жошы

 

Аңыз түбі – Алаша хан

Жошы хан кесенесінен 30 шақырым ғана жерде Алаша хан кесенесі орналасқан. Бұл кесене Жошының әкесі Шыңғыс ханға арнап орнатылған деген көнекөз әңгімелермен қатар, ғылыми зерттеулерге сүйенген қарама-қайшы пікірлер көп кездеседі. Кесене порталды-күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатады. Оның мазарға кіретін қақпасы арка түрінде әспет­теліп, әдемі өрнекпен өрілген. Кір­пішті өріп қалау тәсілі, шығыстық үлгідегі қасбеті, ондағы ою-өрнектер–барлығы ортағасырлық дәстүрлі сәулет өнерін көрсетеді. Кесененің композициялық құрылымы, әсемделген күмбезі, ою-өрнекті кірпіштері, шығыстық үлгідегі қақпасы ортағасырлық Қарахан дәуірінде кең таралған сәулеттік құрылыстарды еске түсіреді. Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінің архитектуралық құры­лым­да­ры бір-біріне ұқсас.

Алаша хан кесенесін алғаш зерттеген ғалым, академик Қ.Сәтбаев ха­лық аузындағы әңгімелерге сүйеніп: «Алаша хан дегеніміз XVI ғасырда би­лік құрған Хақназар хан» десе, Ә.Х. Марғұлан бұл кесененің композияциялық құры­лы­мын Мервтегі Санжар сұлтан мен Кермандағы Мир-Саид Бахромның (X – XII ғғ.) кесенелеріне жақындығын ескере келе, Алаша хан кесенесі моңғол дәуіріне дейін орнатылған дейді. 1946 жылдары Г.Г. Герасимов кесененің архи­тектуралық ерекшеліктерін басқа да орта­ғасырлық ескерткіштермен салыс­тырып, кесенені халық шеберлері XIII ғасырдың екінші жартысында тұрғызған деп тұжырымдайды.

Кесененің уақыт пен жауын-ша­шын тезінен тозған кірпіштері, көнер­ген күмбезі, шығыстық үлгіде са­лын­ған қасбеті, сегіз қырлы қабыр­ға­лары, жалпы сәулеттік стилі ерте дәуір­лерге жетелейді. Кесененің сәулет­тік құрылысының архео­ло­гиялық, архи­тек­туралық ерекшеліктері мен халық жадындағы аңыз-әңгімелерді саралай келгенде, Алаша хан кесенесінің Жошы кесенесімен шамалас кезеңде салын­ғаны байқалады. Алаша хан кесе­не­сінің алдынан табылған кірпіште үш аяқты төре таңбасы кездеседі. Н.Базыл­хан­ның пікірінше, бұл таңба Берке ханның таңбасымен сәйкес келеді. Ал Берке хан (1209 – 1266) заманында Ұлық ұлыста ислам дінінің кеңінен тарал­ға­ны белгілі. Жошы мен Алаша хан кесенелерінен табылған арабша жазуы бар плита мен төре таңбасының Берке таңбасымен сәйкес келуі, ескерткіштің салыну мерзімін Берке билік еткен жылдармен сәйкес келеді деп тұжырымдауға мүмкіндік береді.

Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін орнату үшін алдымен оның ұстазы Арыстан бабқа кесене салдырғаны тарихтан белгілі. Сол сияқты, біздіңше, алты Алаштың атасы, ұлыстың ұраны саналған Алаша хан кесенесі аңыздық Ашина, көне кітаптардағы Абулжа-Алын­ша ханнан бастап Алаша-Шыңғыс ханға дейінгі Жошының бүкіл бабаларына арналып символикалық мақсатта салынған болуы мүмкін.

Жошы хан мен Алаша хан – қазақ тарихының қайнар бастауында тұрған тұлғалар. Ұлт ұясы Ұлытау аймағындағы ұлы ханның киелі кесенесі – ұлыстың атасына деген ғасырлар елегінен өткен халық махаббатының тозбас көрінісі. Сондықтан Жошы мен Ұлық ұлысқа лайықты құрмет көрсету – парызымыз. Бұл тұрғыдан алғанда, Ұлық ұлыстың 750 жылдығы тұсында Жошының атына бір көшенің, яки бір ескерткіштің болмауы – елдігімізге сын деп ойлаймыз. Сонымен қатар осы мерейлі жылда Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді түрде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары қолға алынып, «Орда Базар» қаласы мен «Жошы Ордасын» анықтау қажет деп есептейміз. Табылған археологиялық артефактілерге жіті назар аударып, кесенеде жерленген тұлғаның антропологиялық келбетін қайта қал­пы­на келтіруге болар еді. Кесенедегі таңбалар мен жазуларды тарихи, тілдік тұрғыда зерделеп, реставрация және консервация жұмыстарын да жүргізу қажет-ақ. Ғылыми жинақтар шығарып, белгілі ғалымдардың қатысуымен конференциялар өткізу ісі де Алтын Орда зерттеулерін жаңа белеске көтереді. Осындай іргелі жұмыстардыЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде бастап кеткен Халықаралық Түркі академиясы бұл іске дайын.

Ұлық ұлыстың ұлағатты тарихымен Жошы хан тұлғасы жайында фильмдер түсірілсе деген тілек бар. Келешекте жолдарды түзе­тіп, дәмхана, қонақүй кешендерін халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, туристік бағыт қолға алынса, Жолдауда айтылғандай, тұғырлы тұлғаға арнап келушілер легі көбейе түсері анық.

Президентіміздің Ұлытауға сапары көптен көкейде жүрген осы тілектердің орындалуына түрткі болады деп сенеміз!

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *