Сооронбай Жээнбеков Түркі Академиясының президентімен кездесті

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлімен кездесті. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қырғызстан Президенті 2018 жылы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге көмек көрсеткені үшін және «Манас» эпосын кеңінен насихаттағаны үшін Түркі Академиясына алғысын білдірді.

Сооронбай Жээнбеков Академияның түркі тарихына, мәдениеті мен түркі халқының ұлы тұлғаларына арнап өткізген халықаралық конференциялары мен форумдарын атап өтті. Оның айтуынша, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері елдер арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуда үлкен рөл атқарады.

Сондай-ақ Президент Сооронбай Жээнбеков Қырғыз Республикасында қараша айында өтетін Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабының 950 жылдығына арналған халықаралық конференция жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Бұдан соң, Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қырғыз Республикасының Президентіне Академияның қазіргі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы сөз етті. Сондай-ақ ол Қазақстан-Қырғызстан халықтарын біріктіретін түркі тарихы мен мәдениетін одан әрі насихаттау мақсатында Қырғызстанның білім беру және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендігін айтты.

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *