Қазақстандағы жаңа кезеңнің бірінші жылы

Синан Демиртүрік

Ұлттық саясат институтының төрағасы 

 

Тарихта өмір сүрген түрік мемлекеттерінің тұрақты дамуының себебі ол елдердің алғашқы екі көшбасшысың зор жауапкершілік алуымен байланысты екендігі белгілі. Мысалы, Бірінші Көк түрік қағанатында Бумын Қаған мен Естеми Ябғу, Екінші Көк түрік мемлекетінде Білге қаған мен Күлтегін елдің қалыптасуына көп үлес қосқан. Сол сияқты Ұлы Селчук мемлекетінде алғашқы билеушілер Тұғырылбек мен Чағрының маңызды рөл атқарғаны белгілі. Он бесінші ғасырда Қазақ хандығының құрылу кезеңінде Керей мен Жәнібектің арасындағы сабақтастық елдің болашағы үшін шешуші фактор болса, Түркия Республикасының негізін қалаушы Ататүрік пен оның досы және ізбасары Исмет Инөнү арасындағы қарым-қатынас жас республиканың сыртқы және ішкі саясатының тұрақты түрде дамуына жол ашты. Демек, бірінші көшбасшының алған шешімдері жаңа мемлекеттің тарихында қаншалықты маңызды болса, елдің тұрақтылығы тұрғысынан екінші көшбасшының саясаты да соншалықты маңызды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуына берген серпінінің өзінің сабақты жалғасын табуы үшін екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезеңі маңызды болып саналады. Сондықтан 2019 жылдың 9 маусымындағы президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 12 маусымда ант ету арқылы мемлекет басшысы ретінде қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы жылын сараптау қажеттілігі туындап отыр.

Ең алдымен, Тоқаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Назарбаевпен қатар жұмыс істегенін атап өткен жөн. Сондықтан Тоқаевты Назарбаевтың ісін жалғастырушы ретінде қарастыруға болады. Расында да, бүгінгі таңда Қазақстанда «сабақтастық» пен «тұрақтылық» маңызды ұғымдар болып табылады. Десе де, Тоқаев саяси реформаларға және елдің «әлеуметтік мемелекет» болмысына көбірек назар аудара бастады. Елдің қалыптасу кезеңінде Назарбаевтың ұраны «алдымен экономика, содан кейін саясат» болса, Тоқаевтың ойынша, саяси реформаларды жүзеге асыратын кез келіп жетті. Саяси реформаларды жүзеге асырмастан, бұдан кейінгі кезеңде экономиканы дамыту мүмкін емес. Қоғамның диалог, демократия мен әділеттілікке деген сұраныстарына жауап беру Тоқаевтың басымдығы болып табылады.

Тоқаев осы бағытта «халық үніне құлақ асатын мемлекет» түсінігін ұсынды. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттің барлық мекемелері азаматтардың талаптарын тыңдап, жедел жауап беруі керек. Осы түсінікті күшейту мақсатында, үкімет пен қоғам арасындағы диалогты тереңдету үшін «Қоғамдық сенім» ұлттық кеңесі құрылды. Тоқаевтың төрағалығымен өтетін кеңестің жұмысына үкімет өлкілдері, саяси партия мүшелері мен ҮЕҰ өкілдері, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысады. Осы уақытқа дейін кеңес үш рет бас қосып, онда маңызды шешімдер қабылданды. Кеңес жұмысының нақты нәтижелерінің бірі кеңес мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес дайындалған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заң болды. Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізуіне қатысты конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік саясат шеңберінде Тоқаев Қоғамдық сенім кеңесімен келісе отырып, төрт баладан көп баласы бар отбасыларға ай сайынғы 110 доллар көлеміндегі мемлекеттік көмекті 200 долларға көтеру, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек пакетін дайындау, мектеп жасына дейінгі балаларды азық-түлікпен және негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз ету, оқушыларға тегін тамақ беру және т.б. бастамаларды көтерді. Бұл жерде Тоқаевтың ең батыл қадамы Үкіметке және Орталық банкке халықтың әлеуметтік әлсіз бөліктерінің 300 мың теңге көлеміндегі несиелерге қатысты қарыздарын жабуды тапсыру болды. Бұл шара 5 миллион қазақстандықты қамтыды. Үкімет 629 мың қарыз алушының несиесіне байланысты қарызды төлеуге мемлекеттік бюджеттен 105 млрд теңге бөлді.

Қазақстандағы халық пен үкімет арасындағы жақындасу аясында Тоқаевтың дағдарысты басқару туралы түсінігіне де тоқталуымыз керек. Тоқаев президенттігінің бірінші жылында елде маңызды дағдарыстардың болғанын және бұл дағдарыстарды Тоқаевтың басшылығымен елдің сәтті еңсергенін атап өткен жөн. Осы дағдарыстарға тоқталатын болсақ, ең алдымен, 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласында қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Бұл жарылыс қала тұрғындарын дүрбелеңге түсірді. Президент Тоқаев аймаққа өзі барып, Арыс халқын эвакуациялауды және эвакуацияланған адамдарды баспана, азық-түлік және басқа да шұғыл қажеттіліктермен қамтамасыз етуді ұйымдастыруға жетекшілік етті. Бұл қадам президенттік мерейін өсірді.

Тоқаев президенттігінің бірінші жылында болған басқа бір дағдарыс – 2020 жылдың ақпан айының басында Кордай қаласында қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын дүнген диаспорасы арасындағы қақтығыс. Бұл дағдарыста Тоқаев тағы да өзі аймаққа барып, қала тұрғындарымен бетпе-бет кездесті және тараптарды тыныштыққа шақырды. Мемлекет басшысының бұл әрекеті елдегі «құқықтық мемлекет» ұғымына деген сенімді арттырды. Екінші жағынан, бұл дағдарыс елде тұратын түрлі этностарға қатысты жан-жақты саясатты жүргізу қажеттілігін айқындады.

Тоқаев кезеңіндегі ең үлкен қиындықтың КОВИД-19 індеті екені анық. Қазақстан бұл індетпен сәтті күрескені белгілі. Тоқаев пандемияның алғашқы сатысында, атап айтқанда 2020 жылдың 15 наурызында бүкіл елде төтенше жағдай жариялап, вирустың таралуының алдын алды. Тоқаев сонымен қатар коронавирустан экономикалық тұрғыдан зардап шеккендерге қолдау үшін тиімді шаралар кешенін жариялады. Осыған сәйкес, 4,2 миллионнан астам адам қаржылық көмек алды. Салықтық жеңілдік шаралары 700 мыңнан астам компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді қамтыды. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған қаражаттың көлемі шамамен 13,8 млрд. доллар болды.

Сыртқы саясатта Тоқаев Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырып отыр. Президенттік қызметінің бірінші жылында Тоқаев Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерге, сондай-ақ Ресей, Қытай, АҚШ және Германия сияқты жаһандық саясатта салмағы бар елдерге сапармен барды. Бұған қоса, Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясы басқосуы кезінде және Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында басқа мемлекет басшыларымен екіжақты кездесулері болды. Президенттің бұл іс-әрекетін бір жағынан Қазақстанның Ресей, Қытай және Батыс әлемі арасындағы тепе-теңдік саясатының жалғасы ретінде бағалауға болады.

Осы шеңберде, 2020 жылғы 9 наурызда жарияланған «Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат концепциясы» Тоқаев кезеңінде жарияланған алғашқы сыртқы саясат құжаты болып табылады. Сыртқы саясаттағы сабақтастыққа назар аударатын құжатта Түркі елдері ынтымақтастық кеңесіне (Түркі кеңесі) басымдық берілуі Қазақстан-Түркия қатынастары және жалпы Түркі әлемінің интеграциясы тұрғысынан маңызды. Тоқаев 2020 жылдың 10 сәуірінде бейне-конференция арқылы өткен Түркі Кеңесінің Саммитіне алғаш рет мемлекет басшысы ретінде қатысты. Түркі кеңесінің КОВИД-19 індетіне қарсы күресте ортақ ұстанымды айқындауы Түркі әлемі интеграциясының бұдан кейінгі кезеңде қарқынды дамитынын көрсетті. Саммиттен кейін Түркі кеңесіне мүше елдердің министрліктері деңгейіндегі кездесулердің жиі-жиі өтуі осының белгісі болып табылады. Қорытындылай айтқанда, Тоқаев басқарған Қазақстан Түркі әлемінің маңызды орталықтарының бірі болып қала бермек.

1. ҚР Түркиядағы елшілігі,

2. http://www.turpav.org/milli-politikalar-enstitusu/dis-politika/kazakistan-da-yeni-donemin-ilk-yili-cumhurbaskani-kasim-jomart-tokayev-in-icraatlari.html?fbclid=IwAR3AG6s9kFGkoIs_HhsC8YzW3KJ7tTf_S-1lJGW_EA0NsKH_rq6NEXe5020

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *