Шушаның Бұлбұл гүлі...

Бұл «Khari-bulbul» деген гүл. Қазақшаласақ «бұлбұл гүлі» дегенге келетін сияқты. Бұл гүл – Әзербайжан әдебиеті мен мәдениетінің алтын бесігі болған Шушаның символы.

Өйткені сол аймақта ғана өсетін өсімдік түрі дейді. Енді міне, неше жүз шәһид шейіт кеткен Қарабақ соғысының, Әзербайжан жеңісінің символына айналды.
Бұл гүл туралы Әзербайжан халқында көптеген аңыз-әңгімелер бар екен. Соның бірі:
Иран шахы Фатали өзінің әйелі, Қарабақтың екінші ханы болған Ибрагим Халил ханның қызы Ағабейімге арнап сәулетті сарай салғызыпты. Күндердің бір күнінде Ағабейім күйеуі шах Фаталиге өтініш қылып, Шушасын сағынып жүргенін айтады.

Сөйтіп әлгі сарайдың ауласына Шушаны еске түсіретіндей етіп әдемі бақша салуды сұрайды. Шах Фатали Ағабейімнің өтінішін орындап, бақша салып, оған Қарабақта, Шушада өсетін барлық өсімдік түрін әкелгізеді. Сөйтіп, әлгі бақты – «Отан бақшасы» деп атайды. Қарабақтан әкелінген барлық өсімдіктер тамыр жайып, көктеп шыққанымен, жалғыз гүл – осы «бұлбұл гүлі» өнбей, солып қала береді екен. Сонда Ағабейімнің еліне деген сағынышы басылмай, «бұлбұл гүліне» мұң шағып:
Мен ғашықпын Қарабақ,
Шәкі, Ширван, Қарабақ!..
Тегеран жәннәт болса да,
Жадымнан шықпас Қарабақ…, деп өлеңдеткен екен…
(Mən aşiqəm, Qarabağ
Şəki, Şirvan, Qarabağ
Tehran cənnətə dönsə
Yaddan çıxmaz Qarabağ)
Ал дәл бүгін Әзербайжанда «Отан соғысында» (Қарабақта) шәхид кеткен жауынгерлерді еске алу рәсімі өтіп жатыр…. Өткенде Міллет Мәжілісі мақұлдаса келіп, «Отан соғысының ардагері» деген атақ тағайындау туралы шешім шығарған еді. Қай елде, қай жерде болмасын, Отанның әрбір пұшпақ жері үшін жанын беріп соғысқан сарбаздардың әрбірі осындай атқа лайық! Бүгін Әзербайжанда батырларды еске алу күні! Біздің де есімізде!

Нұргелді ӘБДІХАНИ

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *