Бүгін Халықаралық Түрік академиясы мен Низами Гәнжауи халықаралық орталығы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Онлайн өткен қол қою рәсіміне Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Халықаралық орталықтың Бас хатшысы Гәнжауи Ровшан Мурадов, Бас хатшының бірінші орынбасары Илаха Ибрагимли және Халықаралық Түрік академиясы президентінің кеңесшісі Физули Меджидли қатысты.
Жиын барысында Низами Гәнжауи халықаралық орталығының Бас хатшысы Ровшан Мурадов орталықтың мақсаты мен қызметі туралы баяндап, ұйымның Низами мұрасын зерттеу және оны әлемге насихаттау бағытында ауқымды істер атқарып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Ровшан Мурадов аталған орталықтың Халықаралық Түркі академиясымен ынтымақтастық орнатуының маңызды қадам екенін жеткізді.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, барша адамзатқа ортақ ұлы ақын, ойшыл Низами Гәнжауи мұрасын зерделейтін орталықпен әріптестік байланыс орнағанына ризашылығын білдіріп, Академияның 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына Н.Гәнжәуидің 880 жылдық мерейтойын атап өтудің енгізілгенін айтты. Сонымен қатар, Академия басшысы аталған мерейтойды халықаралық деңгейде ЮНЕСКО аясында бірлесіп атап өтуді ұсынды. Бұл орайда Низами Гәнжауи орталығың Бас хатшысы Түркі академиясының ақын тойына арнап өткізетін шараларына қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Меморандумға қол қою рәсімі барысында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге Низами Гәнжауи халықаралық орталығының арнайы Алтын медалі табыс етілді.
TWESCO