ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Қазақстанның сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін марапатталды.
1 ақпанда Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен кездесті.
Кездесу аясында Елші Абзал Сапарбекұлы Дүйсен Қасейіновке Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 28 маусымдағы Жарлығымен берілген «Төтенше және Өкілетті Елші» дипломатиялық дәреже марапатын және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы бұйрығымен берілген Қазақстанның сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалін және сертификатын табыс етті.
Медальді табыстау рәсімінде Елші Абзал Сапарбекұлы Дүйсен Қасейіновтің адамдық қасиеті және мемлекеттік қызметкер ретінде үлгі тұтарлық бірегей тұлға екендігін атап өтіп, бұл қасиеттеріне тек қазақ елінің емес, барлық түркі мемлекеттерінің куә екенін айтты.
Сонымен қатар, Елші Абзал Сапарбекұлы түркі әлемінің дәстүрлерін, өнері мен мәдениетін әлемге танытудағы ТҮРКСОЙ жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Дүйсен Қасейіновтің түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттау, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени дипломатияны дамытудағы ерен еңбегіне тоқталған Елші А.Сапарбекұлы: «Дүйсен Қорабайұлы ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ дипломатиясының маңызды дипломатия ардагері. Дипломаттар сан қырлы болуы мүмкін. Дүйсен мырза – мәдени, саяси және қоғамдық қатынастар тұрғысынан дипломатияның барлық элементтеріне ие, түркі әлеміндегі қарым-қатынастарды ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүние жүзіндегі мәдениет пен өнер саласындағы қарым-қатынастардың дамуына үлес қосқан халықаралық деңгейдегі дипломат. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған жарлығымен халықаралық дипломатиядағы ел мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Дүйсен Қасейіновке дипломаттардың ең жоғары лауазымы «Төтенше және Өкілетті Елші» атағы беріліп отыр» деді.
«Нәзір Төреқұлов» медалі туралы;
Нәзір Төлеқұлов тұңғыш қазақ дипломат, 1928-1936 жылдар аралығында Сауд Арабиясындағы Кеңес Одағының Елшісі қызметін атқарған. Осы қызметі арқылы ол Кеңес Одағы тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен елші атанды. Төреқұловтың еңбегінің нәтижесінде Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейге жетті. Жәдидтік бағыттағы медреселерден білім алған Төреқұлов 8 тілді жетік меңгерген.
Ұлттық-рухани құндылықтарға адалдығын сылтау етіп Кеңес Одағы оны «халық жауы» деп жариялап, 1937 жылы ату жазасына кесті. Нәзір Төреқұловтың өлім жазасына кесілуін Сауд Арабиясы королі үлкен ренішпен қабыл алып, Кеңес Одағымен барлық қарым-қатынасты тоқтатты. 1956 жылы Кеңес Одағы Нәзір Төреқұловтың адалдығын қалпына келтіріп «ақтағанымен», Сауд Арабиясы 1990 жылға дейін Кеңес Одағымен қарым-қатынас орнатпады.
Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында да қызмет етіп, қазақ халқын ағарту жолында аянбай еңбек еткен Нәзір Төреқұловтың түркі-ислам өркениетіне қатысты маңызды зерттеулері бар.