Таулы Қарабақ аймағында қақтығыс болып жатқанын бәріңізге мәлім. Осы шиеленіс туралы ақпарат таратып жүрген әріптестеріме айтар базынам бар. Әсіресе, өздерін тәуелсіз санап жүрген журналистер мүлт кетіп жатыр.
Біріншіден, Таулы Қарабақ – Әзербайжанның жері. Тарихи да, ресми де. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрі Таулы Қарабақты Әзербайжан территориясы санайды. Қазақстанның да ұстанымы осындай. Оны Нұрсұлтан Назарбаев та талай мәрте Еуразиялық экономикалық одақтың жиындарында айтты. Яғни, бүкіл әлем әзербайжан бауырларымыздың мемлекетінің тұтастығын қалайды.
Екіншіден, «Нагорный Карабах республикасы» деген мемлекет жоқ. Олар өздерінің тәуелсіздігін жариялағанымен, ешкім оны мойындамаған. БҰҰ-ға мүше бірде-бір ел таныған емес. Тіпті, Армения да.
Үшіншіден, қазір соғыс болып жатқан аймақты, яғни Таулы Қарабақтың айналасындағы территорияны Армения кезінде басып алған. Әзербайжандарды қырып, қалғанын қуып жіберген. Білуімше, ұрыс осы өңірді босату бойынша жүріп жатыр.
Төртіншіден, Қарабақ атауының өзі түркілік атау. «Қара» және «бақ» деген сөзден шыққаны түсінікті. Яғни, тарихи тұрғыдан бұл аймақ түгел түркіге тиесілі болған. Ондағы мәселе кейін Кеңес үкіметі тұсында Әзербайжанның Түркиямен бірігіп кетпесі үшін жасалған зымиян саясаттың салдары.
Бесінші, Түркия дегеннен шығады. Картаға үңілсеңіз, Әзербайжанның территориясы екіге бөлініп жатқанын көресіз. Негізгі бөлігі қарт Каспийдің жағалауында, Нахчыван бастаған екіншісі Түркиямен шекаралас жатыр. Ортада қай ел жатыр деп ойлайсыз? Бірден тауып көріңізші? Әлбетте, Армения. Бұл да Кеңес үкіметінің сасық саясаты.
Оған не себеп? Себебі әзербайжандар да, түріктер де «біз бір халық, екі мемлекетпіз» деп айтады. Яғни, олардың бауырластығы өте терең. Тілі де, мәдениеті де бір-біріне қатты ұқсайды. Бакуге барғанда түрікше сөйлеп жүрсеңіз, бәрі түсінеді.
Әрине, бауырлас мемлекеттің аумағында соғыс болмағанын бәріміз қалаймыз. Екі тарап та атысты тоқтатып, келіссөздер үстеліне отырып, мәселені ақылмен шешсе деген тілегіміз бар. Алайда Таулы Қарабақтың Әзербайжан территориясы екенін ұмытпау керек. Қалай дегенмен, қазақтар әрдайым әзербайжан бауырларымен бірге!
Абай Отар