Баршаға аян, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы мәйекті ойдың төңірегінде «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген тұжырым санамызда қалыптасып үлгерді. Ал қазақтың қара домбырасы ұлттық тектің жады емес пе?! Күмбірлеген домбыраның үні халық тізгінін ұстаған абыз ақсақалдарымыздың, ел билеген билеріміздің ақыл-парасатын, рухын асқақтатқан, кіндік қаны тамған отанын қорғаған батырларымызға күш-жігер, ақын-жыршыларымызға шабыт берген.
Осыған орай, Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясы негізінде Елбасымыздың Жарлығымен шілде айының 1-жексенбісі күні «Ұлттық домбыра күні» деп белгіленген-ді. Жағымды жаңалық жүрегімізге жылы ұялап, жанымызды жадыратты. Айтулы мерекені 2 жыл қатарынан барша Қазақ елі болып атап өтудеміз. Қуанатын жағдай, ұзағынан болсын.
Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай еді. Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын (оның орнын салмақсыз телеарналар мен бағдарламалардың жаулап алғаны шындық), шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, тілашар, беташар сияқты дәстүрлі тойларымыз даңғырлаған эстрада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шырқалып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Тойбастар» дәстүрінің түр-сипаты мүлде өзгергеніне бәріміз куәміз. Құрметті қонақ келгенде «ауылдың алты ауызы» айтылып, «қонақкәдемен» жалғаса әнмен өрілетін отырыстар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан? Арасында үлкендердің әдемі әңгімелері тыңдалатын.
Домбыра – бұл өмірдің бір бөлігі, әр қазақ жанының бір бөлігі. Біздің шексіз даламызды тамаша әуенсіз, домбырасыз елестету мүмкін емес. Қазақтың музыка мәдениетінің халықтың рухани дамуында маңызы зор. Қазақ тарихының көптеген ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен асқақ мұрасы бар. Ол мұра домбырада сақталған.
Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруда. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін жанымыз қалайды. Ең дұрысы, науқаншылықтан ада, өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен дейміз. Ол үшін ұлттық аспаптар үнін баршаға қолжетімді боларлықтай «Домбыра» атымен насихатталатын жеке спутниктік телеарна қосылса көптік етпейді.
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған «Домбыра» ұлттық телеарнасы IDTV кабелдік желіде ғана таралатындықтан оны тек қалаларда ғана көруге мүмкіндік бар. Ал бүгінде жалпы Қазақстан бойынша 3500 ауыл бар. Ауылдардағы тұрғындардың басым бөлігі қаракөздеріміз екенін ескерсек, еліміздегі қазақтардың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұрады деген сөз. Бұл – жалған статистика емес, мұны ескерген жөн.
Ауыл қазағымыздың алтын бесігі, ұлттық қаймақтың ұйытқы мекені деп даңғаралап жатамыз. Ендеше сол қазағымыз тамашалай алатын және рухани азық алатын жағдай туғызу керек десек, «Домбыра» ұлттық телеарнасын ОТАУ ТВ жерсеріктік тележелі таралымына қосуды сұранамыз. Бұл сұраныс барша елдің көкейіндегі мәселе деп түсінген абзал.
Ұлы ұлттың ұланы, ұлықта домбыраңды!
«Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық республикалық газетін еліміздің аймақтарында ұлт мүддесін қозғаушы басты басылым деп біледі. Осы хатта жолдап отырған тақырыпты өрбітіп, «Домбыра» ұлттық телеарнасын барша қазақ елі көре алатындай ОТАУ ТВ спутниктік телевизиялық желіге қосылуына мұрындық болуына және үндеу тастауын Сіздерден, қаймана қазақ сұранады деп білерсіздер.
Алдияр КӨБЕЕВ
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы
egemen.kz: https://egemen.kz/article/214362-dombyrany-dariptegen-durys