Коронавирус: Қаза тапқандар саны - 490, он күнде салынған емхана жұмысын бастады

Қытайдың Ұлттық Денсаулық сақтау комиссиясы таратқан соңғы ақпаратқа сәйкес, Хубэй провинциясында кеше қайтыс болған 65 адамды қосқанда жалпы індеттен көз жұмғандар саны 490-ға жеткен.

Ал сәрсенбі күнгі мәлімет бойынша инфекция жұқтырғандар саны 24324 адамға дейін артқаны белгілі болды. Сондай-ақ ем алған 262 адам ауруханадан шығарылған.

Әлем елдері вирус анықталған күннен бастап өз азаматтарын Хубэйден және оның астанасы Уханнан эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Қазақстан үкіметі де 83 азаматын, оның басым бөлігі Қытайда білім алып жатқан студенттерді елге қайтарғаны белгілі. Олар қазір медицина қызметкерлерінің бақылауында.

Сондай-ақ Қытайда 10 күн ішінде салынған жаңа аурухана кешеден бастап жұмыс істей бастады. Си Цзиньпиннің бұйрығымен 1000 орындық емханаға Қарулы күштердің 1400 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметіне сенсек, әлем елдерінде індетті жұқтырғандар саны да артып келеді. Мысалға, Сингапур, Тайланд, Жапония елдерінде науқастардың саны 20-дан асты. Көршілес Ресейде 2 жағдай тіркелген.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұқтырғандар анықталмағанын айтты.

Меруерт Бүркітбаева / egemen.kz

Фото: Xinhua

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *