ТЕМІР ЖҰДЫРЫҚ

Сонымен Бакуде жеңіс шеруі өтті. Бұл Әзербайжан халқына 9-мамырдағы қуанышты сәттей, ал Арменияға Германияның көңіл-күйіндей әсер еткені анық. Бакуде шерулетіп, қуанып жатқан сәтте, Ереванда бас жарылып, көз шыққан митингтер мен қақтығыстар болып жатыр. Дәп қазір.

Бұрын соңды қос түркі елі бірігіп, шынайы соғыста басқыншыны талқандаған соң шеру өтті ма, жоқ па, ол жағын білмедім. Бүгінгі күн түркі тарихында қалары хақ.

Әскерилер алдына шыққан Ильхам Әлиев кеңінен көсілді. Қаһарман жауынгерлері мен халқына алғыс айтып, басқыншыларға тағы бір ескерту жасады. Сөз арасында толқып тұрғаны байқалды. Ұзақ сөйледі. Жеңімпазға жарасымды.

Артынша Ердоған да сөз алып, құттықтады. Ердоған сөз сөйлеуден кенде емес қой. Өлең де оқыды. “Қары бұлбұл енді азат. Шушаның төбесінен енді мұңды тұман түспейді. Лашын, Зангилан, Агдам, Келбәжәр, Губадлы, Джәбірейіл азат етілді. Қарабақ Әзербайжандікі” деп арасында жандырып, рухтандырып қойды. Әдеттегідей отты сөздерін аямады.

Шерудің негізгі бөлімі басталып, жаяу әскер, теңіз күштері, авиация және басқа да әскери құрылымдар жүріп өтті. Тіпті алғаш рет арнайы құпия жасақ, YARASA-ның өзі алаңда шерулетті.

Шерудің Армения және Ресей үшін нағыз драммаға толы сәті де келіп жетті. Алдымен Қарабақта олжа болған басқыншылардың техникаларынан шешіп алынған нөмірден жасалған жылжымалы қабырға пайда болды. Ердоған мен Әлиев бір жымиды. Кейін Қарабақта олжаланған әскери техникалардың түрлі үлгілері көрсетілді. Пай-пай. Кілең Ресейдікі. Оны диктор саңқылдап айтып отырды. Ресей БТР-лері, танктері, зеңбіректері, зымыран кешендері, қысқасы көп. Олжаланған, талқандалған техникаларға қарап отырып жеңілген Армения ма, Ресей ма деп ойланып қалады екенсің. Енді 100% Ресей мен КСРО өнімдері ғой, 100%.

Басқыншының масқарасын шығарған бұл көріністен соң, Әзербайжанның әскери техникасы алаңға шықты. Израильдің LORA, HAROP, SAND CAT зымыран кешендері мен дрондары, әскери көліктері көрсетілді. Түркияның “Байрактары” шыққанда алаң бір шу етті. Одан бөлек жаяу әскердің қолынан Израиль, Түркия, Ресей, НАТО-ға тиесілі түрлі атыс қаруларын байқадық. Әділдік үшін айту керек, Ресейдің техникалары да болды.

ПыСы: Қарабақты азат еткен операцияның атауы алғаш рет ресми айтылды: ТЕМІР ЖҰДЫРЫҚ. Пашинянның да арманы орындалды, армян танктері Баку төрінде жүріп өтті)

Асхат Қасенғали

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *