1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақ елінің тәуелсіздігін санаулы сағаттардың ішінде мойындаған Түркия республикасы екені белгілі. Сондай-ақ әлем мемлекеттері арасында Қазақстанда өз елшілігін алғашқылардың бірі болып ашқан да Түркия. Содан бергі аралықта екі мемлекет арасындағы туыстық және достық пен әріптестік аясындағы қарым-қатынас тереңдей түсуде. Соның бірі – жоғары білім беру саласындағы байланыстар.
Осы орайда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Түркияның жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынастардың аясы мейлінше кең екенін айтқан жөн. Оның ауқымы жоғары білім берудің тиімділігін көтеру, ғылыми-зерттеу қызметінің деңгейін өсіру, студенттер мен магистранттардың академиялық ұтқырлығын кеңейту және қос мамандық беру секілді байыпты бағдарламаларды қамтиды. Бұл бағытта Қазақстандағы өңірлік жоғары оқу орны Түркияның 12 университетімен өзара ынтымақтастық жөнінде келісім орнықтырды.
Әсіресе қазіргі күні екі ел арасындағы түрколог ғалымдар бірлесіп әзірлеген компьютерлік-лингвистикалық жобалардың берері мол екені белгілі болып отыр. Сүбелі еңбектер латын әліпбиіне негізделген. Сондай-ақ жаңа форматтағы қазақша-түрікше оқулықтар да студенттердің сенімді серігіне айналып келеді. Латын қарпіне арқа сүйейтін IT- бағдарламалардың қолданыс аясы да күннен-күнге арта түсуде. Оның бүгінгі беталысы инновациялық сипаттағы зерттеулерге жол ашады, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков.
Отандық өңірлік және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы дәнекерліктің оң мысалдары аз емес. Соның бірі Қ.Жұбанов пен Кастамону университеттері ұжымдары бірлесіп түндігін түрген «Qazaq eli» атты қазақ тілі мен мәдениеті орталығы. Осы арада айта кетерлік мәселе, Түркиядағы Кастамону университеті Қ.Жұбанов университетіне магистратура мен білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен оқу жоспарын ұсынғаны.
Түркиялық профессор Орхан Сөйлемездің Ақтөбеде өткізген дәрістері мен сабақтары тыңдаушылардың ыстық ықыласын туғызды. Әсіресе оларға қазақ әдебиеті нұсқаларының түрік тіліндегі аудармалары жөніндегі дәрістер айрықша әсер қалдырған. Бұл жайт Түркиядағы «Qazaq eli» орталығының ашылу рәсімі кезінде ортақ әңгіменің тамызығына айналды. Өз кезегінде Қ.Жұбанов университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бағила Мұратбектің түркиялық студенттер алдында «Qazaq tili gramatikasy» оқулығының тұсауын кескені де орталық қызметінің мазмұнын тереңдете түсті.
Кастамону университетінің ректоры, профессор Сейит Айдынның бұл бағыттағы ой-пікірі төмендегідей болып шықты:
– «Qazaq eli» орталығы – білім мен ғылым саласындағы қазақ-түрік ынтымақтастығының жарқын көрінісі. Түрік елінде қазақ тілі мен мәдениетін үлгі тұтудың таптырмас үлгісі. Осы арқылы тұтастай Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты мәселелерді де түгендеп алуға болады. Әрине түптей келгенде бәрінің бастауы екі мемлекет арасындағы достық пен өзара түсіністік болып қала береді. Қазіргі жағдайда оның алтын көпірі «Qazaq eli» болып отырғаны –бәріміз үшін зор мәртебе.
АҚТӨБЕ – КАСТАМОНУ – АҚТӨБЕ
https://egemen.kz/article/216016-turkiyadaghy-qazaq-eli