Өткен аптада Еуропалық парламенттің жалпы отырысы өткен-ді. Жиынның жалпы тақырыбы Францияның төрағалығына арналды. Страсбургте өткен пленарлық отырыста, сонымен қатар адам құқығы, демократия мәселелері де талқыланды. Осы жарыссөздер аясында Қазақстандағы ахуал да назардан тыс қалмады.
Айта кетерлігі, елімізге қатысты дебат қорытындысы бойынша Еуропалық одақтың қарары қабылданды. Құжатта елдегі жағдайға қатысты көптеген мәселе айтылған. Мәселен, құқық қорғаумен айналысатын ұйымдарды саяси себеппен қудаламау, бейбіт шеруге кедергі келтірмеу, оған қатысқандарды негізсіз ұстап, азаптауды доғару, адам құқығын таптаған жауапты тұлғаларға жекелеген санкция салу секілді талаптар көрсетілген.
Еуропалық парламенттің 671 депутаты қарарға дауыс беру рәсіміне қатысып, соның 589-ы қолдап, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Осылайша, Қазақстандағы адам құқығына қатысты құжат басым дауыспен қабылданды. Елімізге қатысты мәселеге қарт құрлықтың депутаттары ерекше назар аударғаны мынадан-ақ байқалады. Жарыссөз кезінде парламенттің 33 мүшесі өз пікірін білдіріпті. Әрине, талқылау кезінде депутаттар Қазақстанда бейбіт шеруге шыққандарға қарсы күш қолданылғанына наразылық білдіріп, оларға оқ атуды сынға алғаны түсінікті. Бірақ жиын барысында әріптестерін шешім қабылдауда асықпауға шақырғандар да болды.
Талқылауда қарар жобасы авторларының бірі Андриус Кубилюс сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстандағы қайғылы жағдайға объективті халықаралық тергеу қажет. Құжаттың тағы бір авторы, испаниялық депутат Начо Санчес Амор қарарда шерушілерге күш қолдануды айыптайтыны көрсетілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай күрделі кезеңде терең демократиялық өзгерістерді іске асыратын нағыз реформатор ретінде көрсетуге үндеді.
Бұдан бөлек, пікірталас кезінде Еуропалық комиссияның комиссары Стелла Кириакидис Қазақстандағы жағдайға байланысты қарар жобасының енгізілуіне қатысты сөз сөйледі. Оның айтуынша, қарт құрлық Қазақстанда, атап айтқанда Алматыдағы зорлық-зомбылыққа таңғалған.
«2 қаңтарда басталған алғашқы бейбіт наразылық пен бүкіл елді шарпыған одан кейінгі зорлық-зомбылық арасындағы айырманы нақты ажырату керек. Соның салдарынан Президент төтенше жағдай енгізіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын террористік шабуылдар деп атаған оқиғаға қарсы тұру үшін көмекке шақырды. Мұздай қаруланған және арнайы дайындықтан өткен агрессивті топтар бейбіт наразылық ретінде басталған шеруді билеп-төстеп алғаны көрінеді. Алайда олардың кімдерге тиесілі екені және уәж-дәлелдері түсініксіз. Бұл топтар кейбір әскери құрылымдармен байланысты болуы мүмкін. Яғни олардың құрылуы мен жұмыс істегені кейбір күштік құрылымдардың тасасында өрбігенін көрсетеді», деді Стелла Кириакидис.
Еуропалық комиссия өкілі Қазақстандағы оқиғаға сыртқы күштердің ықпалын жоққа шығарған жоқ. Ол ресми ақпаратқа сілтеме жасай отырып, бастапқыда 10 000-ға жуық адам ұсталғанын, бірақ олардың көпшілігі босатылғанын атап өтті.
«Оқиға барысында 225 адам қаза тапты, соның ішінде күштік құрылымдардың 19 қызметкері көз жұмды. 5000-ға жуық адам жарақат алды. ҰҚШҰ тарихында алғаш рет шамамен 2030 әскери қызметші тартылды, әскердің басым бөлігі Ресейден жіберілді. Соңғы ақпаратқа сәйкес, 13 қаңтарда басталған ҰҚШҰ әскерлерінің шығарылуы аяқталды. Оқиғаларды ресми тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта дағдарыстың күрделілігі оған абайлап түсіндірме беруді және жіті ден қоюды талап етеді. Еуропалық одақтың аталған елдің келешектегі саясаты туралы қорытынды жасауына әлі ерте шығар. Шешімін таппаған мәселелер көп, оның ішінде шабуылдаушылардың қайдан және кімдер екені, түпкі ойлары қандай екені түсініксіз. Билікпен жүргізілген келіссөздерде оқиғаларды, оның ішінде адам құқықтарының бұзылуы мәселесін толық, ашық және тәуелсіз түрде тергеп-тексеруге шақырдық. Бейбіт наразылық білдірушілерге қылмыскер ретінде қараған дұрыс емес. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбіт шеруге қатысушылар қылмыстық қудалауға ұшырамауы тиіс деп мәлімдеме жасағанын атап өтеміз», деді С.Кириакидис.
Еурокомиссар қайғылы оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижелері ашық түрде жүргізілетініне үміт білдірді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізуге уәде бергенін атап өтті. Сөз соңында спикер Қазақстанды саяси реформалар мен демократияландыруды жалғастыруға шақырып, осындай реформаларды еуропалықтар қолдайтынын айтты.
Франциядан сайланған депутат, «Бірегейлік және демократия» тобының мүшесі Тьерри Мариани Қазақстандағы ахуалдың күн тәртібіне енгізілгеніне таңданыс білдірді. Депутат бастапқыда жағымды мәселе талқыланады деп ойлағанын атап өтті.
«Біз Қазақстанда не болғанын нақты білмейміз. Маған дейін сөйлеген басқа спикерлер мұны баса айтты… Әйтсе де, шерушілер арасында да, қауіпсіздік күштері қатарында да қаза тапқандар көп екенін білеміз. Тәртіпсіздіктер инфляциядан туындады ма? Әлде ел ішінде іріткі салу мақсатында түрлі ұйымдарды қаржыландырған Әбілязов мырзаның Қазақстан халқын тонаған миллиардтаған доллары есебінен жасалып жатқан кезекті айла-шарғысы ма? Немесе бұл саяси шиеленістің салдары ма? Қазіргі уақытта ештеңе кесіп-пішіп айта алмаймыз. Бірақ депутаттардың көпшілігі оңды-солды айыптап жатыр. Дегенмен Қазақстанның алған асулары, оның Жаңа Жібек жолындағы басты рөлі, саяси эволюциясы назардан тыс қалғаны анық байқалады. Меніңше, Парламенттегі көпшілікті қызықтыратын басты мәселе осы жағдайды Ресейге немесе Қытайға қарсы қолдану секілді», деді Тьерри Мариани.
Депутат наразылық кезінде әскери және қатардағы адамдар арасында зардап шегіп, құрбан болғандарға көңіл айтып, Қазақстанның экономикалық, әрі демократиялық дамуына қайта оралып, бейбітшілік орнығуын тіледі.
Нидерланд елінің өкілі, «Еуропалық консерваторлар мен реформистер» тобының мүшесі Мишель Хугевин Қазақстан – «геосаяси кермеде» тұрған ел деп мәлімдеді. Қытай мен Ресей секілді елдермен шектесу оңайға соқпайтынын атап өтті. Депутат Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда әріптесіне айналғанын жеткізді.
«Қазақстандағы орын алған оқиғалар баршамызға сабақ болуы тиіс: энергия тасығыштар бағасының күрт өсуі үкіметке қарсы наразылықтарға әкелді. Сондықтан стратегиялық тұрғыдан ойланып, ЕО мен оның азаматтарының мүдделерін ескеруіміз керек. Энергетика саласындағы бағаның қосымша өсуін біздің азаматтарымыздың қалтасы көтермейді. Еуропалық одаққа Қазақстанның тұрақты және сенімді ел ретінде қалыптасқаны керек. Осы тұрғыдан алғанда, санкциялар немесе Қазақстанның ішкі ісіне араласу бізге де залалын тигізеді», деді Мишель Хугевин.
«Еуропалық консерваторлар мен реформистер» тобының мүшесі Рышард Чарнецкий Қазақстанға 11 рет барғанын айта келіп, елдегі жағдайдан аз-кем хабары бар екенін атап өтті. «Аталған елге бірде-бір рет бармаған, орынды-орынсыз тұжырым жасайтын адамдарға сабырлық тілеймін. Меніңше, әріптесімізге, Еуропалық одақтың аса маңызды серіктесі және әлемдегі ең ірі 10 елдің бірі – Қазақстанға тұрақтылық тілеуіміз керек», деді ол.
Астраханда туған германиялық депутат Сергей Лагодинский қазақ халқына көңіл айта отырып, елдегі наразылық кезінде қаза тапқандарды көргенде жүрегі қарс айырылғанына екпін берді. Сондай-ақ осы оқиғалардан кейін де үміт бар екенін атап өтті.
«Бақуатты және алып елдің Президенті мен үкіметі осы дағдарысты мүмкіндік ретінде пайдаланады деп үміттенемін. Билікті қолда ұстап қалу үшін емес, реформалар енгізіп, адам құқығын қорғап, сөз еркіндігіне, саяси өзгерістерге жол ашады деп сенемін. Алдағы уақытта үмітіміз қаншалықты ақталатынына куә боламыз», деді С.Лагодинский.
Болгариялық саясаткер Илхан Кючюк Қазақстанға қайғылы оқиғаның себебін түсіндіруге уақыт беру керек деген пікір білдірді.
«Еуропалық парламент әрқашан демократиялық құндылықтарды жақтайды. Осы айдың басында Қазақстанда орын алған қайғылы оқиғаларды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақстан – Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес және біз бұл елдегі оң өзгерістерді әрқашан құптаймыз. Бірақ сонымен бірге ондағы адам құқығының бұзылғанына пікір білдіргеніміз де дұрыс. Иә, бейкүнә азаматтар әлеуметтік-экономикалық өмірді жақсарту үшін наразылық білдірді. Бірақ бұл наразылықтар неліктен үшінші елдің әскери араласуына әкеліп соқтырған зорлық-зомбылыққа, анархияға ұласты деген сұрақ туындайды», деді Илхан Кючюк.
Латвиялық депутат Татьяна Жданока да осыған ұқсас пікір айтып, Еуропалық парламент сот кейпіне енгенін сынға алды. Оның айтуынша, Қазақстанға қатысты қарарда бірқатар мәселе бар.
«Бейбіт шерушілер мен зорлық-зомбылық көрсетіп, қылмыс жасағандарды дұрыс ажырата аламыз ба? Бірқатар халықаралық журналистің кеңселеріне мемлекеттік күштер шабуылдағанын айтамыз да, қазақстандық ірі телеарналар мен халықаралық «МИР» арнасының ғимараттарын қарулы топтың немесе дайындықтан өткен адамдардың өртеп жібергеніне көз жұма қараймыз? Бірнеше саяси тұтқынның атын атадық, бірақ одан да маңызды істерді ұмытып жатқан жоқпыз ба? Орталық Азия аймағындағы парламенттік ынтымақтастық комитетінің мүшесі және осы делегация төрағасының бұрынғы орынбасары ретінде Қазақстанмен тиімді диалог жүргізуді сұраймын», деді Татьяна Жданока.
Абай Отар
https://egemen.kz/article/301957-europarlamenttinh-qararynda-eskerilmegen-masele-kop