Анкарада «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері және «Абай» медалімен марапаттау салтанаты өтті

2021 жылдың 6 желтоқсанында Түркі әлемінің мәдени ұйымы ТҮРКСОЙ мен Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің ұйымдастыруымен Анкарадағы ТҮРКСОЙ Бас хатшылық ғимаратының конференц-залында «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері мен «Абай» медалімен марапаттау салтанаты өтті.

Жиналыстың ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты жыл бойы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын мәлімдеп, осы жылдан кейін де Абай мұрасының игеріле беретінін айтты.

Касеинов «Абайды түсіну» альбомының Абай шығармашылығын бейнелейтін Түркі әлемінің суретшілерінің туындыларынан тұратынын атап өтті. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы сондай-ақ Абайдың 175 жылдығында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан мекемелер мен ұйымдардың басшыларын марапаттауға арналған «Абай» медалінің ТҮРКСОЙ-дың атқарылған жұмыстарға алғысының белгісі екенін баса айтты.

Жиналыста сөз сөйлеген Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі әлемінің Ақсақалы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Халқымыздың мықты болуын, өсіп-өнуін қалайтын әрбір азамат Абайды оқуы керек, Абайға құлақ асуы керек» деген сөздерін еске түсіріп, «Өмір бойы әділетсіздікті, заңсыздықты және әділетсіздікті сынап өткен Абай Атамыз туралы Елбасының айтқан құнды кеңесін бүкіл адамзат, әсіресе түрік халықтары жүзеге асыруы керек», – деді. ЮНЕСКО-ның сонау 1995 жылды Абай жылы деп жариялағанын еске салған Топчу Абайдың бүкіл адамзат үшін ортақ құндылық екенін мәлімдеді.

Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам 2021 жылдың бірінші аптасында өткізілген бұл іс-шара жақсылыққа бастасын деп тіледі және осы жерден алынған шабытпен жыл бойы Абайды насихаттау жұмыстарының еселеп жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсойдың сәлемін жеткізген Чам Ахмет Яссауи, Абай, Юнус Эмре, Ахи Эвран және Қажы Бекташ әулиені ортақ ата-бабаларымыз деп сипаттап, олардың мұраларын болашаққа жеткізудің маңыздылығына назар аударды.

Бас қосуда сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы ғасырлар бойы бір-бірінен алшақ тұрған түріктердің бір-біріне жақындауында және ортақ құндылықтар айналасында ұйысуында тарих, мәдениет, тіл мен діннің, сондай-ақ ұлы тұлғаларды танудың маңызды болып табылатынын айтты. Осы ретте Елші пандемияға қарамастан Абайдың 175 жылдық мерейтойының Түркияда жоғары деңгейде аталып өтілгені қуантады деп мәлімдеді.

2020 Абай жылын қорытындылаған Елшісі мырза Түркияда саябақтарға, көшелер мен даңғылдарға Абай аты беріліп, ескерткіштер орнатылғанын және бұл іс-шаралардың 2021 жылы жалғаса беретініне назар аударды. Бұлардан басқа, Сапарбекұлы түрік БАҚ-та Абайды дәріптеу мақсатында көптеген жұмыстар жасалғанын ескертіп, үлес қосқандардың барлығына алғысын білдірді.

Абай Құнанбайұлының қазақтың ұлттық болмысымен бітісіп кеткенін атап өткен Сапарбекұлы Президент Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», – деген сөзіне сілтеме жасап, «Осы түсініктің аясында Абайға ие болу дегеніміз – қазақтың ұлттық болмысына ие болу. Абайды түсіну дегеніміз – ұлттық құндылықтарды жоғалтпай жаңғыру дегеніміз. Сондықтан ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын атап өтуде бізге қолдау көрсеткені үшін Түрік Үкіметі мен бауырлас түрік халқына шын жүректен алғысымды білдіргім келеді» деді.

Баяндамалардан кейін Абай медальдарын табыс ету рәсімі басталды. ТҮРКСОЙ Абай медалімен

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу,
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы,
Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам,
Анкара қаласы Кечиөрен ауданының әкімі Тургут Алтынок,
Анкара қаласы Гөлбашы ауданының әкімі Рамазан Шимшек,
Чорум облысы Искилип ауданының әкімі Али Сүлік,
Ахмет Яссауи университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек,
TRT AVAZ координаторы Седат Сагыркая,
Қазақстан Республикасының Невшехирдегі Құрметті консулы Халил Улуер,
Еуразия жазушылар одағының Төрағасы Якуп Өмероғлу,
Мүсінші Мұрат Мансұров,
Мүсінші Қамбар Омаров марапатталды.
Медаль иегерлеріне Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі тарапынан естелік сыйлықтар да табысталды.

> Қазақстанның Түркиядағы елшілігі 

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *