Кеше Армения алғаш рет Ресейден көмек сұрады. «Әзербайжан әскерлері біздің шекарамызға жақындап қалды, Ресей бізге 1997 жылғы екі ел арасындағы келісім бойынша көмек беруі тиіс» деп Пашинян А4 форматта Times New Romanмен табақтай етіп көзінің жасын көлдетіп хат жазды. Осы хаты арқылы негізі өзі фронттағы сәтсіздігін мойындап қойды. Хат лезде Мәскеуге жетіп, оған Путин былай деп жауап қатты. «Пашеке, көмек-мөмектен бас тартпаймыз, айтылған сөз, атылған оқ кәнешні, бірақ ұрыс қимылдары Армения аумағына өтсе ғана әскери көмек береміз. Ну ты пойми» деді. Әдемі жауап негізі.
Неге Армения Ресейден көмек сұрады, неге ОДКБ-дан емес? Өйткені ОДКБ мүшелері Ереванға көмек бергісі келмейді. Ол анық. Ондағы Қазақстан мен Қырғызстан соғыстың алғашқы күндерінен бастап ашық айтпаса да Бакуге бүйрегі бұрып тұр. Біз «Түркі Кеңесі» ұйымы арқылы Арменияны қатаң айыптадық. Ол ұйымға 2018 жылдан бері қазақ басшылық етуде. Барда қаласын басқыншы содырлар атқылаған сәтте Әзербайжандағы елшіміз Арменияның әрекетін қатаң сынға алды. Біз үнемі «бауырмыз, түбіміз бір, тіліміз ұқсас» деумен келеміз. Бұл әрине Ереванға түсінікті тіл. Мың жерден бір одақта болсақ та, біз Әзербайжанға оқ атпаймыз деген тіл. Қырғызстанның жағдайы да тура сондай. Сондықтан Армения көмекті ОДКБ-дан емес, бірден Мәскеуден сұрады.
Неге Мәскеу көмекті нақты беретінін айтпады? Иа, Мәскеу жауап қатты. Бірақ жауапта «ұрыс қимылдары Армения жеріне өтсе, онда біз келісімге сай әрекет етеміз» деді. Бұл әдемі жауап. Путин ұрыс қимылдарының Армения жеріне өтпейтінін біледі. Әзербайжанның мақсатына ол мүлде кірмейді. Жеті ауданын қайтарып алса болды, сол мақсат. Тіпті Армения жеріне Әзербайжанды Ресей ғана емес, Түркия да кіргенін қаламайды. Себебі Арменияға кіру деген сөз, Ресейдің де, Түркияның да соғысқа ашықтан ашық кірісуіне тура келеді дегенді білдіреді. Ол қазіргі таңда Путинге де, Ердоғанға да керек емес. Ол бізге де қажет емес. Өйткені Мәскеу дегеніміз ОДКБ, Анкара дегеніміз НАТО. Түсіндіңіз.
Енді жағдай қалай болмақ? Менің субъективті ойымша, мүмкін ол қате болар, Әзербайжанның сәтті жорығы Пашинянды тақтан тайдырады. Армяндар өздері-ақ оны алып тастайды. Оған себеп көп. Бір айдың ішінде Армения 3 млрд доллар болатын қаруынан айырылды. 2019 жылы Армения бюджеті 3,35 млрд долларды құрады. Яғни соғыста бір жылдық бюджетті жағып жіберді. Бір ғана айда. Ал енді әскери бюджет бойынша қарасақ, Армения 2020 жылы 600 млн доллар бөліпті. Менімше көбейтіліп көрсетілген, тіпті солай болған күннің өзінде бір айда Армения 5 жылдық әскерге кететін қаржыны артиллерия мен Байрактардың астында күлге айналдырды. Бұны халық кешіре ме?!
Соғысқа аттанғандардың 80% 19-21 жасындағылар. Әлиев ресми түрде 5 мыңнан астам жау сарбазы мерт болды дейді. Өмір көрмеген, жап-жас ұлдарының негізсіз, мағынасыз соғыста опат болғанын халық кешіре ме?! Әкелері ұмыта ма?!
Соғыстың нәтижесі белгілі. Қазірдің өзінде айқын. Пашинян қанша арандатса да, Әзербайжан қақпанына түспей келеді. Енді Ресейді ұрыс даласына енгізу үшін бірнеше негізсіз ақпарат шығарды. Бүгін Ресей БАҚ-тарын «Армения-Әзербайжан шекарасында ресейлік екі сарбаз қаза тапты» деген ақпарат басты. Мақсаттары Ресей қоғамы арқылы Мәскеуге қысым жасау, соғысқа араластыру, бірақ Мәскеу оған көнбейді. Еревандағы Ресей елшілігі «Бұл шындыққа жанаспайды, өтірік. БАҚ көздерін ақпаратты тексеріп таратуды сұраймыз» деп мәлімдеді. Сөйтіп Пашинян құрған кезекті тұзақ бос қалды.
Таулы Қарабақтың өзіне келетін болсақ, ұрыс қимылдары күн сайын Ханкентіге жақындап келеді. Бүгін әзербайжан әскерлері Шушаға кірді деген ақпарат тараған еді. Әлі нақтыланбады. Тіпті сепаратистердің басшысы Араик Арутюнян дрон соққысынан өлді деген де мәлімет бар. Оның да рас-өтірігі әзірге белгісіз. Армения тарапы өтірік десе, Түркия жақын уақытта видео дәлел көрсетеміз деді. Күтеміз енді, басқа амал жоқ.
Ал жалпы кесірткенің құйрығындағы жанындай ғана жаны қалған басқыншылар Шуша маңының орманын өртеп әлек. Сөйтіп қызыл өрт әзербайжан әскерін алға жылжуда кедергі келтіреді, ал қою түтін дронға бөгет болады деп ойлайды. Аздап қиындық келтіріп жатқаны рас, бірақ бұл әскердің алға жылжуын түбегейлі тоқтата алмайды. Сасқан үйректің әрекеті ғой. Әне-міне Шуша алынып, Ханкенті құлайды-ау. Міне, тура сол минутта, тура сол секундта армян халқы бұл сәтсіздіктің бәріне кім кінәлі екенін іздей бастайды. Ол – Пашинян! Оны соғысқа қойнындағы қатынын, ет жүрегі баласын жібергені құтқара ала ма? Қайдам…Уақыт көрсетеді.
ПыСы: Түбі Пашекеңнің орнына Ресейге барынша тиімді кандидат келетін сияқты. Ал егер осының барлығынан кейін Пашинянды халқы тақтан тайдырмаса, онда білмедім онда шокпын)
Асхат Қасенғали