Халықаралық Түркі академиясына Мажарстанның Сыртқы сауда және сыртқы істер министрі Петер Сийярто және Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді арнайы келіп, Академия жұмысымен танысты.
Алқалы кездесуге мәртебелі меймандармен қатар, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай, сонымен қатар Мажарстан делегациясы, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Кездесу аясында Армин Вамберидің өмірі мен еңбек жолына арналған «Түркі дүниесінің мажар ғалымы» атты арнайы көрме ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Петер Сийярто бастаған мажар делегациясы Түркі академиясы кітапханасының құнды қолжазбалар және Қоңыр Мандоки қорымен танысты. Өз кезегінде мәртебелі мейман кітапхана қорына мажар тіліндегі бағалы басылымдарды тарту етті.
Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өз сөзінде алқалы жиынның көрнекті түрколог Қоңыр Мандоки атындағы кітапханада өтуінің символикалық мәні зор екенін атап өтті. Академия басшысы Мажарстан бағытында жүзеге асып жатқан жобалармен таныстыра келіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Петер Сийярто тамырлас елдердің ортақ құндылықтарын зерттеп, халықтардың бауырластығын арттыруда Академия атқарып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, тараптар екіжақты ғылыми ынтымақтастықты одан ары дамытып, келешекте бірлескен жобалар жүргізуге уағдаласты.
Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі мәртебелі мейман Петер Сийярто мырзаға арнайы құрмет көрсетіп, Академияның Алтын медалімен марапаттады.
Бұдан кейін Халықаралық Түркі академиясы Мажарстан бағытында дайындаған бірқатар еңбектердің тұсаукесер рәсімі өтті. Атап айтқанда, аты аңызға айталған ғұн әміршісі Аттила туралы “The Lord of Europe Attila” (Еуропа әміршісі Атилла) атты ғылыми еңбек таныстырылды. Сонымен қатар, жыр алыбы Жамбылдың мажар тіліндегі тұңғыш жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлы дала жыршысының 175 жылдық мерейтойы аясында жарық көр іп отырған «Жамбыл жырлары – Dzsambul muvei» жинағы қазақ-мажар тілдерінде салыстырмалы тәртіппен берілген өлеңдермен қатар, мазмұнды зерттеу мақалаларды да қамтыған. Бұған қоса, Халықаралық Түркі академиясы мен Түркі кеңесінің Будапешттегі өкілдігі бірлесіп әзірлеген әйгілі мажар саяхатшысы, мажар түркологиясының негізін қалаушылардың бірі Армин Вамбери туралы «Түркі дүниесінің мажар ғалымы» атты жаңа еңбек оқырманға жол тартты. Сондай-ақ жуықта жарық көрген көрнекті түрколог Иштван Қоңыр Мандокидің «Үзілмес тамырлар» атты ғылыми еңбегі мен «Мандоки Қоңыр Иштван библиографиясы» атты кітаптар да көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кету керек, 2017 жылы Мажарстан Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алып, Түркі әлемінің ынтымақтастық институттары арасында осы мәртебені иеленген алғашқы мемлекет болды.
Академия Мажарстан мен Түркі әлемі ықпалдастығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Немет Дьюла, Дьёрд Алмаши, Қоңыр Мандоки сынды мажар түркологтарының мирасы мен тағылымына қатысты ғылыми жобаларды қолға алып, бірқатар еңбектерді жарыққа шығарды.
TWESCO