«ҚАЗАҚСТАН ӘЗЕРБАЙЖАНДЫ ҚҰТТЫҚТАУЫ ТИІС» немесе «МОЛОТОВ КОКТЕЙЛІ»

ХХІ ғасырда әскери қақтығыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. Бірақ әлі бірде-бір елге ресми соғыс жарияланбады. Дегенмен соғыс бар. Қызық ә. Гибридті соғыстың жаңа заман келбетіне айналғаны соншалық, соғыс жарияламай соғыс жүргізу әлемнің әр жерінде іске асуда. Украинаның шығысына қараңыз. Ресей Укрианаға соғыс жариялаған емес, онда әскерінің барын мойындамайды, қару жеткізілгенін жоққа шығарады. Соған қарамастан шығыс Украинада соғыс болып жатыр, сепаратистерде ғайыптан танктер мен қару-жарақтар пайда болуда. Ғажайып қой. Гибридті соғыс дегеніміз осы.
Қазақстан бейбіт мемлекет. Біздің жауымыз жоқ. Алайда әскер қашанда қаруын сақадай сай етіп, күкіртті құрғақ ұстағаны абзал. Сақтансаң сақтаймын деген. Қорғаныс сала өкілдерінде Қарабаққа қарап, әскерімізді өзгерту керек деген ой туындаған болар. Менің былжырақ миым келесідей ұсыныссымақтарды алға тартуда:
1. Әскерді оқытуды, дайындау стандартын барынша НАТО-лық типке жақындату және осы салада батыс елдерімен тәжірибе алмасуды арттыру керек.
2. Әскерге екі аптада бір тарихи-танымды документальды фильмдерді көрсету қажет. Сарбаз өз елінің тарихын, осы жер үшін күрескен тұлғалардың өмірін жақсы біліп, санасына сіңіруі міндетті. Ашаршылық, репрессия, ұлт азаттық көтерілістер мен соғыстар тарихын көрсетіп, ұғындыруға міндеттіміз. Арасында «Аманат», «Тар заман», «Кейкі батыр», «Ұлы дала зары» сынды фильмдерді көрсету керек. Оның көркемдік жағы маңызды емес, маңыздысы беретін идеологиясында. Әр сарбаз борышын өтеп шыққан сәтте, елінің тарихын да жақсы біліп шығуы міндетті.
3. Жаңа қару түрлерін сатып алуды арттыру қажет. Қазақстан қолынан келгенше алып жатыр. Алайда жеткіліксіз. Соңғы уақыттағы әскери қақтығыстардың қалай іске асқанын саралап, ұрыс даласында өзін жақсы көрсеткен қару түрлерін алған дұрыс. Кез келген ел жаңа қаруын «теңдессіз» деп сипаттай береді. Кім өзінікін жаман десін. Алайда шынайы бағаны тек ұрыс даласы береді. Сирия, Ливия, Ирак, Қарабақ, Йемен. Соңғы бес жылда қарқынды соғыс жүрген осы бес елде өзін жақсы көрсеткен қару түрлерін сатып алуға тиіспіз. Қолдан келгенше. Сәйкесінше «тірі табытқа» айналған, майданда сіріңкеше жанған техника түрлерін сатып алуды доғарған жөн.
4. Әскеріміз суық ауа райында, боран мен аязда, бұрқасында соғысуға дайын болуы тиіс. Солтүстік пен шығыстың ауа райы сондай. Алты ай қыс. Әскерге суық ауа райына шыдамды жылы киім, қарда жүретін техника, навигацияның жаңа түрлері қажет. Ешкіммен соғысқалы жатқан жоқпыз, бірақ барлық жағдайға дайын болайық.
5. Сарбаздар Қазақстан жерін нақты, анық білуі тиіс. Әскерде ол үйретіледі, соны арттыру керек. Батыстың сарбазы шығыстың, шығыстың сарбазы батыстың жер бедерін жатқа білмесе де, шамамен білуі тиіс. Асу, қырат, өзен, тау, құм, жолдар мен айналма жолдар дегендейін. Топографиялық білім жоғары болғаны жақсы. Одан бөлек ірі қалалардың әр көшесі мен үйіне кіретін жолдар мен есіктер белгіленген соңғы үлгідегі карталар да жасалып отыруы қажет.
6. Сарбаздарды соғыс ошағы болып жатқан аймақтарға жіберуді де ойластырған дұрыс. Әрине, әр сарбаздың жеке келісімі бойынша. Ауғанстан мен Ливан сынды елдерге БҰҰ тарапынан бітімгерлік күштері сияқты ғана барып қоймай, арнайы мемлекеттер арасында келісім болып, антитеррорлық сипаттағы операцияларға қатысып, тәжірибе жинаса да құба-құп еді. Әзербайжан арнайы жасақтары Сириядағы Идлибте, Пәкістанда тікелей ұрыстарға қатысып, тәжірибе жинаған. Оның жемісін Қарабақта көрді. Сондықтан бізде де осындай тәуекелдерге барып, сарбаздардың жеке келісімімен, әр жауынгерге қаржы төлеп, тәжірибе жинауға қақтығыс ошақтарына жіберіп тұруға болады деп ойлаймын.
7. Әзербайжанға арнайы жасақ басшылықтарын, біраз сарбаздарды жіберіп, тәжірибе алмасу керек. Олар сепаратистерді талқандау бойынша үлкен тәжірибеге ие, тактика мен стратегияны біледі. Бізге де үйренген абзал.
8. Әскерилерді Түркия, Батыстық елдерде оқытуды жиілету керек. Әскерилер Ресейде оқиды көбіне, аз-маз Түркияда бар. Соңғы келісім бойынша енді көбірек баратын шығар. Бірақ Ресей бөлек идеологиялық кеңістік, онда коммунизмді жақтау, әсіреимпершілдік көзқарас басым.
9. Сарбаздарға берілетін бұйрық, нұсқаулықтар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Бұл маңызды, бұл идеология, біріктірyшi факторғa айналуы тиіс жол.
Кез келген ел өзін ешқашан қауіпсіздікте сезінбеуі тиіс. Мемлекет өзін қауіпсіздікте сезінсе, онда даму процесі тоқтайды. Мемлекетті дамытатын қауіп. Аш қалудан қорықса тағам өңдеу саласы алға басады, аурудан қорықса медицина дамиды. Сол сияқты қоғам өзін толық қауіпсіздікте сезінбеген сәтте ғана, ол үнемі жетілуге, реформалар жасап, модернизацияланып отыруға мәжбүр болады. Мемлекетті алға сүйреп, желкелеп отыратын да осы – қауіп. Әскердің дамуы үшін де осы заңдылық жұмыс істейді.
Қазақстан билігі Әзербайжанға ресми түрде құттықтау жіберсе дұрыс болар еді. «Біз Әзербайжанның аумақтық тұтастығы қалпына келтіріліп, БҰҰ резолюциясына сай заңдылық орнағанына қуаныштымыз. Әлемде мемлекеттік тұтастық принципі сақталуын қолдаймыз» деп хат жолдаса, бұл басқаларға да сигнал болады.
ПыСы: «Қазақстан жері – Ресейдің сыйы» деген Никронов Германиямен Польшаны бірлесе бөліп алуға келіскен КСРО сыртқы істер министрі Молотовтың немересі екен. Сол Молотов кезінде Финляндияға баса көктеп кіруді «бекболатша» қолдап, КСРО ресми 126 мың, ал бейресми 600 мың сарбазынан айырылып еді. Финляндия 25 мың сарбазын жоғалтты. Өзгенің жеріне көз алартқан қызыл басқыншыларға қарсы финдер «Молотов коктейлін» ойлап тауып, жауды жайратқаны тарихта қалды. Сол тарихты мына немересі біле ма?
Асхат Қасенғали
Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *