Қарабақ: бір ай өтті...

Иә, Әзербайжан армиясының Таулы Қарабақты азат етуге бағытталған әскери операция бастағанына бүгін тура бір ай болды. Расын айтсам, 27 қыркүйекте алғаш атыс басталғанда операцияның мұншама ауқымды боларын және Бакудің батыл қимылдайтынын ойлаған да жоқпын. Ал қазір әзербайжан халқының туған жерді азат етуге бағытталған соғысының үлкен тәуекелмен ұйымдастырылғанын көрдік. Армяндардың қираған техникасы, тастап кеткен елдімекендері жайлы айта беруге болады. Деректер интернетте толып жүр. Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің мәлімдемелерінен де көп дүниені аңғаруға болады. Бір айда 252 танк жойылып, 53 танк олжаға айналған. 50 жаяу әскер машинасы, 251 зеңбірек, 61 миномет, 53 танкке қарсы құралдар, 82 “Град” қондырғысы, 2 “Ураган”, 1 “ТОС”, 4 “ТОР” зениттік-зымыран кешені, 40 “ОСА” қондырғысы, 4 “КУБ”, 1 “Круг”, 2 ДАНА с-125 кешені, 6 С-300, 2 “Эльбрус” зымыраны, 1 “Точка-У”, 231 жүк көлігі жойылыпты. Сонымен қатар 4 қала, 165 ауыл дұшпаннан азат етіліпті.

Ал өз басым Таулы Қарабақтағы соғыс әрі қарай қалай өрбитініне алаңдаймын. Өйткені әу баста сырларын ішке бүккен көп мемлекет енді позицияларын ашық білдіре бастады. Батыста армян оккупанттарын ашық қолдайтындар қатары өсіп келеді. Яғни соғысқа көзқарас гуманистік немесе халықаралық құқық нормалары негізінде емес “христиан клубы” ұстанымы тұрғысынан қалыптаса бастады. Сондықтан Әзербайжан үшін “не бел, не белбеу” кететін кезең жақындаған сыңайлы. Әрине Таулы Қарабақты қоршай орналасқан 7 ауданның үшеуі толық, екеуі жартылай азат етілгені Минск тобының әу бастағы ұстанымына сәйкес келгенімен, “татуластырушыларға” Әзербайжан әскерінің батыл қимылы ұнамайтыны сезіліп қалды. Сондықтан олар соғыстың қыс басталғанша созылуына мүдделі болуы ықтимал. Ондай жағдайда ұрыс даласынан жететін жағымды жаңалықтар да азайып, әзербайжан халқы да жалығады деп болжайды-ау шамасы. Әйтеуір қазір армяндарды бейкүнә, зардап шегуші ретінде көрсетуге ұмтылғандар қарасы басым. Мұның соңы Әзербайжанға қарсы санкция салуға апарып соғуы мүмкін. Онда ұрыс жүргізу қиындайды. Қаржыға қатысты да проблема туындауы мүмкін.
Ал майдандағы жағдайға келсек 1 ші армиялық корпус аймақтың солтүстігінде нақты қандай миссия атқарып тұрғаны әлі де болса белгісіз. Муровдағ жоталарын ұстап, оңтүстікке көмекке баруы мүмкін армян күштерін тұсап отыр деу бір жақты пікір тәрізді. Корпустың қосымша миссиясы да бар сияқты. Әйтеуір теріскейдегі табыс, күңгейдегіден аздау. Бірақ тыл мен алғы шептің байланысы, үйлесімді қимылы бұзыла қойған жоқ. 2 ші корпустың әрекеттерінен де бұл айқын байқалады. Егер Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақтағы армян күштерін екі бөлікке бөліп тастау тактикасын көздеген болса, онда ұрыс біршама күрделі болады. Өйткені ілгерілеген әскердің қос бүйірінен шабуылдау мүмкіндігі бәрібір сақталады. Сондықтан Бас штаб бәрін қарастырған шығар деп ойлаймын.
Екіншіден, өткенде айтқанымдай Әзербайжанға қуатты радиоэлектронды қорғаныс/бақылау құралдары өте қажет. Өйткені соғыс ұзаққа созыла берсе өңірге дрондарға қарсы қорғаныс құралдары жеткізілуі мүмкін. Әлбетте олар армяндарға беріледі. Онда Bayraktar TB2-нің беделі түседі. Оған жол бермеген жөн. Бұл бәрімізге жақпайтын іс. Сондықтан зениттік зымыран кешендері эшалонының қалыптасуына жол бермеу керек. Соңғы күндері жойылған С-300, “ОСА”, зениттік кешендері санының көп болуы аймақта дрондарға қарсы жүйе құруға талпынғандар болғанын дәлелдейді. Шамасы теріскейдегі жұрттың әрекеті болуы мүмкін. Өйткені қару саудасында “көзір” саналып жүрген техникалардың қиратылғаны жақсы имидж емес.
Үшіншіден, енді көзделген аудандарды тезірек азат ету жоспарын жасап, мақсатқа тез арада жетпеген жағдайда өңірге жалдамалылар ағылуы мүмкін. Жуырда әзербайжан әскерінің формасын киген адамдар армян әскерлерімен аралас-құралас жүргенін көрсететін фотолар жарияланған. Кейін жоғалды. Шамасы сондай киімдегі адамдар Армения жағындағы ауылдарды атқылап, халыққа қырғидай тисе, әлемдік қауымдастыққа соны дәлел ретінде көрсетуді көздейтін болар. Екінші дүниежүзілік соғыста бір-бірінің формасын киіп бейбіт тұрғындарды қырған, сөйтіп халықтың армияға, билікке өшпенділігін күшейткен немесе сенімін жойған көне тәсіл қолданылуы мүмкін. Онсыз да Telegram-да арнаулы құрылымдар болмаса, қарапайым адам жасай алмайтындай қуатты каналдар пайда болды. Ақпараттық соғыста қатты белсеніп, түрлі дерек таратып жатқан да солар. Яғни ақпараттық майданда барлық тәсіл қолданылып жатыр. Сондықтан Әзербайжандарға аса сақ болған дұрыс шығар. Ал біздікі тек тілеулес болу ғана.
Айтпақшы түріктерде дрондарға қарсы қолданатын қондырғылар да бар. Баку олардан бірнешеуді алып қойса, артықтық етпес.

 

Амангелді Құрметұлы

(Жазба автордың ФБ парақшасынан алынды)

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *