27-қыркүйекте Қарабақта басталып, 44 күнге созылған азат ету соғысы күллі түркі халықтарының бір-біріне саяси, әскери, мәдени қолдауына ұласты. Қазақстан да бұл тұрғыдан кенде қалған емес.
Осы уақытқа дейін Қазақстан Әзербайжанға қатысты БҰҰ-ның 4 резолюциясы толық орындалуы керектігін, Әзербайжанның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін айтып келді.
Қазақстандық БАҚ пен ақпарат алмасу сферасына айналып кеткен әлеуметтік желіде Қарабақтағы соғысқа қатысты көптеген жазбалар мен мақалалар шықты. Басым бөлігі Әзербайжанның тұтастығының қалпына келіп, әділеттік орнауын талап еткен сипатта болды.
Баку тарапынан шақырту алып, Әзербайжанға келу себебіміз бауырлас халықтың осы күрес жолындағы іс-әрекетімен жақын танысу болатын. Бакуде біз саясаттанушы, журналист, депутаттармен кездестік. Онда Қарабақ соғысына қатысты сарапшылық пікір алмасу, ой бөлісу орын алды. Мәжіліс өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы аңпараттық байланыстың артуы маңызды екенін айттық.
Сапарымыздың екінші күнінде басқыншы тарапынан жасалған террорлық шабуылға ұшыраған Бәрда және Гәнжа қалаларына бардық. Зымыран тиіп, қираған, бейбіт тұрғындар опат болған жерді көрдік. Зымыраннан тас-талқаны шыққан ғимаратты көру, онда балалар мен әйелдердің опат болғанын елестету өте ауыр.
Өз тарапымыздан біз 26 жылдан кейін әділеттілік орнап, Қарабақтың қайтарылғанына бек қуаныштымыз. Әзербайжан еліне даму, өркендеу және бейбітшілік тілейміз.
Асхат Қасенғали