Қарабақты азат ету соғысына дейін, мен біздің қоғамда түркі әлемін қолдайтын жандардың аса көп екенін білмедім. Көп екенбіз. Үш жүз жылдық бодандық пен отарлау халықтың санасына соққы жасаса да, толық жоя алмапты. «Қан су емес» (орысша айтқанда кровь не вода) деген осы болар. 27-қыркүйекте соғыс оты бұрқ етіп, қиян-кескі шайқас басталған сәтте, Кавказдағы соғыс жайлы алғашқы жазбамды салдым. Халыққа қызық болады деп ойлаған емеспін. Тек ақпарат беріп қояйын дедім. Жоқ, бір сағаттың ішінде екі жүзге жуық пікір жиналды. «Әзербайжанға жеңіс тілейміз», «Қарабақты қайтарып алсын» деген шынайы тілектер мен ниеттер қарша борады. Таңданып қалдым. Өйткені біздің қоғам дәл осы қақтығыс жайлы көп талқыламайтын еді. 2016 жылғы сәуір соғысында дәл осындай реакция болған емес. Киплингтің «Мауглиіндегі» сөз есіме түсті. Екеуміздің қанымыз бір (мы с тобой одной крови). Ғасырлар бойы отарлау, аштық, зорлық, соғыс, қайғы, босу мен мұң-зарды бастан кешкен түркі халықтарының жадында ескі тарих бәрібір сайрап жатыр екен.
1. ИДЕОЛОГИЯ. Қарабақта атылған оқ, біздің қоғамның, сіз бен біздің санамызды бір сілкіп алды. Біздің қоғамға 70 жыл бойы «түркілерді тек жеңілуші» ретінде жалған сипаттаған коммунистік идеологияның бұл тұрғыдан күлі көкке ұшты. 1991 жылға дейін түркі әлемінде тек Түркия ғана азат ел болып келді, әрине екінші ел ретінде «Аттила» операциясынан кейінгі Кипр Түрік республикасын айтсаңыз болады. КСРО құлағаннан кейін тағы 5 түркі елі пайда болды. Олардың барлығы да бодандықтан соғыссыз шықты. Сол себепті де Мәскеу «түркілерге тәуелсіздікті біз сыйладық» деген идеяны шамасы келген жерге тықпыштаумен болды. 1994 жылы Қарабақты оккупациялауда Ресей әскерилері басқыншыларға болысып, Әзербайжан жерінің 25%-нан айырылды. Ал 2014 жылы Ресей Қырым татарлары (түркілер) тұратын Қырымды басып алды да, қырым татарларына саяси қудалау басталды. Осы оқиғалардың барлығы да қоғамда «расымен түркілер тек жеңілуші ұлт па» деген қисынсыз ойды қайта туындатты. Ал Қарабақта 27-қыркүйекте атылған алғашқы оқ пен азат етілген алғашқы аймақ – бұның барлығы сандырақ екенін көрсетті. Түркі халықтары ұрыс даласында тактика мен стратегияны жоғары меңгере алатындығы, заманауи және озық технологияға негізделген қару түрлерін шығара алатындығы, қолдауды тек сөз жүзінде емес, іспен көрсететіндігі байқалды. Әрине, мұндайды көріп, біліп отырған есі дұрыс адамдар, ойлана бастады(қ).
Бұл тура үнді ертегісіндегідей әсер қалдырды. Ормандағы аңдардың барлығы оған «сен мысықсың» деп сендірген еді, ал ол мөлдір судан өзінің жолбарыс екенін байқады дегенді айтамын. Тура солай. Қарабақ соғысына қарап, қазақ-түрік-әзербайжан-қырғыз-өзбек-татар-түркімен және басқалары «БІЗ ТҮРКІ екенбіз ғой» деген ойды бір мезетте, жаппай сезіне бастады (деп ойлаймын). Яғни ақырындап түркілік одақ, түркілік достық, түркілік әріптестік идеясы көтерілуде. Кез келген идея мықты идеологияға негіз бола алады.
2. ЭКОНОМИКА. Қазақстан үшін Армениямен салыстырғанда Әзербайжанмен қатынас қашанда маңызды болған. Мысалы 2019 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар саудасы 13 млн долларды құраған, ал Әзербайжанмен 229 млн долларды құрады. 229 МИЛЛИОН ДОЛЛАР! Осының өзі бізге кімнің маңызы зор екенін көрсетіп тұр. Енді бұл көрсеткіш артпаса кемімейді. Армениямен сауда қатынасы төмендеуі мүмкін. Соғыстан тас-талқан болған Ереванның ішкі тұрақтылығы мен саяси-экономикалық дағдарысы артып барады. Ал Баку керісінше. Жеті аудан қайтарылды, ондағы кеніштер мен бау-бақша алқаптары алдағы екі жылда өз жемісін бере бастайды (аймақ толық минадан тазартылып, қызу жұмыс басталғанда). Қарабақ пен Нахычевань арасында жүк көліктері ары-бері ағылып жатады. Өйткені Армения жол беруге мәжбүр болды. Ал Нахычеваннан ары Түркия атты 80 млн нарығы бар алып ел жатыр. Міне, сол елге Қазақстан да қиналмай сауда жасайтын мүмкіндік алады. Егер әдемі саясат ойнай білсе әрине. Түркияға біз астық, ет өнімдерін саудалай аламыз. Каспийден Бакуге, Бакуден ары Қарабаққа, Қарабақтан ары Нахычеваньға, одан ары Түркияға. Мұндай жол Ақтаудан ары қарай ары кетсе жүк көлігіне үш күндік уақытты алатын болар. Тіпті одан да аз. Біз төрт жарым сағатта Әзербайжанның шығысынан батысына дейінгі жолды түгел өттік. Кішкентай мемлекет. Сондықтан жүк көліктері тез өтіп кетеді. Жолдағы тексеріс, демалыс дегенді есептесек, 2-3 күн. Ал егер Түркия арқылы Еуропаға шығып кетуді ойласақ (қиял болса да), тіпті жақсы ғой. Бір одақта бола тұра Ресеймен мұндайды жасай алмайсың. Шекараның өзінде орынсыз тексерісті көбейтіп, кейде жүк көліктері бірнеше күн тұратын сәттер болады.
Қазір Құрық-Баку-Құрық порты істеп тұр. Қателессем түзеп қойыңыздар. Ары дамытуға болады деп санаймын. Экономика тұрғысынан көп дүние айтуға болады, өте көп. Экономистер айта жатар.
3. ӘСКЕР. Біздің қорғаныс министрі «Байрактар» басқыншылардың төбесінен ажал тастап жатқан видеоларды көргенде не ойлады екен? Сөзсіз көрген болар. ХХ ғасырдың тәсілімен және техникасымен соғысқан басқыншыларды, ХХІ ғасырдың әскері тас-талқан етті. Оны әрине қорғаныс министрлігі мен ондағы сарапшылар көрді, ой түйді (деп ойлаймын). Ұрыс жүргізу тактикасын өзгерту қажеттігін, жаңа технологияны, жаңа қаруларды меңгеру, алу керектігін түсінді. Өйткені Армения сияқты бізде де қарудың басым бөлігі КСРО-дан қалған және ресейлік. КСРО-Ресей қаруын Түркия-Израиль-Еуропа қаруы не істегенін көрдік. 200 млн долларлық ПВО жүйесін 3 млн долларлық дрон жоқ қылғанын көргенде есті адам ой түйеді. «Дрон қай жақтікі, ПВО қай елдікі» деп ойлайды. Біздің қорғаныс саласының мамандары да оны ойлағаны анық қой. Оның үстіне соғыс уақытында Түркияның қорғаныс министрі бізге келіп кетті. Артынша бірнеше келісім жасалды. Қару жасау, сарбаздарды оқыту деген сынды келіссөздер бар. Бұл да тамаша. Қарабақта арнайы жасақтар қалай әрекет еткенін де ерекше зерттеп жатыр деп санаймын. Әзербайжанның арнайы жасағы «Яшма» және арнайы теңіз жасағы «Жолбарыс» соғыс уақытында талай биіктікті алып, шаруаны шешті. Олардың да тактикасын қарау керек. Яғни Қазақстан бұл соғысқа қарап, «біраз дүниені қосып, алып, модернизациялау қажет екен» деді (ішінен).
4. МӘДЕНИЕТ. Әзербайжанмен мәдени байланыс арта бастады. БАҚ салысы бойынша әріптестіктер жасалуда. «Газах ауданының тарихы қандай» деп сұрағанымызда, «әлі нақты зерттелмеді, Қазақстан тарапынан да зерттеулер күтеміз» деген жауап алған едік. Оны Қазақстан қолға алып, бізге қатысы бар ма, жоқ па сол жағын зерттейді деп ойлаймын. Әзербайжанда жүргенімізде жақында алты елде де көрсетілетін арнайы Түркмедиа атты арна ашылуы мүмкін, онда алты тілде алты елдің тарихы, мәдениеті, халқы, дәстүрі жайлы айтылатын болады деді. Ашылсын. Бұл да мәдени байланысты арттырады. Оның үстіне Қарабақтың картасына қарап отырып, Кавказдың тау-тасын жаттап алдық қой жарты Қазақстан) Артық етпес.
Қорыта айтқанда бұл соғыс Қазақстанның біраз дүниеге көзін ашты. Әскерді үнемі жаңа тактикамен, жаңа қарумен үйрету керектігін. Саясатта сақтықтың маңызды екенін білемін, алайда кейде бұғып қалмау қажеттігін де көрсетті. «Қазақстан Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қолдап, БҰҰ-ның 4 резолюциясын мойындайды» деген сөзді бірден айту керек едік деп санаймын. Оны тіпті Ереванның одақтасы Ресей де айтты ғой. Мәдени, спорттық, әскери салада әріптестікті арттыру қажеттігін де аңғартты. Айтсақ әңгіме көп.
Түйін біреу: әлемде түркі халықтары көп, олардың әр бірі жеке тәуелсіз ел болып, өсіп өнгенін қалаймын. Күн ашықта бір-бірімізге тойға барып, қара бұлт төнсе бірігетін достық, бауырластық болсын!
Асхат Қасенғали