Тарих ғылымында тарихи тұлғалардың алатын орны мен атқарған рөлі көп қарастырылған мәселелер қатарына жатады. Белгілі бір тарихи тұлғалар тарихтың объективті даму заңдылығымен қатар өзінің жеке болмысындағы субъективті факторларымен өзі өмір сүрген қоғамның дамуын еселеп дамытса, кейбіреулері қоғам үшін дамудың жаңа бағытын анықтайды, тіпті олардың қолданған тарихи ұтымды әдіс-тәсілдері, таңдаған жолдары болашақ үшін үлгі болып алынады. Уақыт өте келе өз замандастарының алды болған тарихи тұлғалар есімдері жазба тарих пен ауызша тарихта сақталынып, небір аңыз-әңгімелер мен ғажайып мифтермен толықтырылып, ерекше аңыз адамға айналып, біздің күндерімізге дейін жетіп отыр. Ондай тұлғалар болашақта да халық жадымен қатар ел тарихында қала береді.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Түркітілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының тарихи жадында ұмытылмай, мәңгі бірге келе жатқан тұлғалар бар. Олар ел тарихының әртүрлі замандарында және әртүрлі мемлекеттерінде өмір сүріп, баршаға ортақ тұлға ретінде сақталып қалды. Солардың қатарына осы жылы 750 жылдық мерекесін атап өтіп жатқан Еуразиялық зор мемлекет – Алтын Орда тарихында да өмір сүрген тұлғалар жатады.
Үш ғасырға жуық өмір сүрген Алтын Орда тарихында ресми түрде тақты иеленген хандармен қатар, оның тарихында билеуші әулеттің өкілі болмаса да, терең із қалдырған өзге де тұлғалар жетіп артылады. Тіпті олардың кейбіреулерінің рөлі ресми хандардың рөлінен де басымырақ. Солардың қатарында Едіге бидің (1357-1419 жж.) есімі ерекше айтылады. Алтын Ордадағы ыдыраушылық кезеңінде ол тарих мінберіне көтеріліп, 25 жылдай империя тарихында басты рөлдердің бірін ойнайды. Ширек ғасырға жуық Алтын Орданың күйреуін тежеп, оны қалпына келтіруге ұмтылады. Сонымен бірге қалыптасқан заман талабына сай жаңа мемлекеттілік құрылымға – Ноғай Ордасына негіз қалап береді. Сондай-ақ оның ұрпақтары күні бүгінге дейін өздерінің шығу тектерін Едіге бимен тікелей байланыстырып, мақтан етеді.
Едіге би – көзі тірісінде және қайтыс болғаннан кейін де араб, парсы, орыс, еуропалық халықтардың жазба тарихында, Алтын Орда аумағында өмір сүрген түркітілдес халықтардың ауыз әдебиетінде есімі сақталған тұлға. Салыстырмалы түрде айтсақ, Едіге биге дейін, онымен замандас болған және одан кейін өмір сүрген Алтын Орда хандарының есімдері дәл Едігенің есіміндей жазба тарих беттері мен халық жадында сақталған жоқ. Тіпті өзі өмір сүрген жылдары атақ-дәрежесі алысқа тараған кейбір хандардың есімдері өздері қайтыс болғаннан кейін бірте-бірте халық жадынан шыға бастайды да, тек шаң басқан жазба дерек беттерінде көптің бірі ретінде қалады. Ал Едіге бидің есімі болса, керісінше, көзі тірісінде қандай болса, одан кейін қаншама ғасырлар өтсе де, халық жадында ұмытылмай мәңгі сақталып, қайтыс болғанына 600 жылдан астам уақыт өтсе де, халқымен бірге келе жатыр. Біздің ойымызша, Едіге би есімінің осылай сақталып келе жатуының себептері де жоқ емес. Біз төменде сол себептерді анықтап көрелік. Себептерді анықтау арқылы, жалпы Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы алатын орнын анықтап, қандай тарихи рөл атқарғанын көре аламыз.
Едіге бидің атқарған алғашқы тарихи рөлін, біз Алтын Орданың 1396-1419 жылдардағы саяси тарихынан көреміз. 1395 жылғы Мауереннахр билеушісі Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған жорықтары мен оның салдарлары жазба деректерде баяндалып, ғылыми әдебиеттерде жақсы қарастырылған. Шами мен Йездидің тарихи жазбаларында Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға жорықтары өте жақсы баяндалады. Тіпті, Йезди өз еңбегінің бір тарауын «Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы екінші жорыққа аттануы туралы әңгіме» деп атап, 1395 жылғы жорықтың барысын нақты баяндап береді. Жалпы, Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы осы екінші жорығының салдарлары Алтын Орда үшін өте ауыр болғанын барлық зерттеушілер бірауыздан мойындайды.
Экономикалық жағынан алғанда бұл жорық Алтын Орданы ауыр күйзеліске ұшыратады, ірі саяси-экономикалық орталықтар қиратылады, ішкі байланыстар бұзылады, көптеген тұрғын өлтіріліп, Орта Азияға тұтқынға әкетіледі, отырықшы өңірлер қиратылады, ең ауыр болғаны – халықаралық сауда жолы бұзылып, оның бағыты басқа жаққа ауысады. Ал жорық салдарын саяси жағынан алып қарасақ, Алтын Ордадағы орталық билік қатты әлсіреп, оның орнына ұлыстардағы жергілікті биліктер келе бастайды. Бұл дегеніміз – іс жүзінде Алтын Орданың орнында бір- біріне бағынбайтын бірнеше хандықтың құрыла бастағанын көрсетеді. М.Г.Сафаргалиев 1396 жылы Алтын Орда аумағында бір-біріне бағынбайтын, дербес төрт хандықтың – Сарай маңында Қойыршақ хан Ордасының, Астраханда Темір Құтлық хан Ордасының, Жайық бойында Едігенің Маңғыт Жұртының және Қырымға келіп билікті иеленген Тоқтамыс хан Ордасының пайда болғанын айтады. Дәл осы тұста Алтын Орданың саяси тарихында Едіге секілді тарихи тұлға көтеріліп, түркі халықтарының Еуразиялық империясын сақтап қалу үшін белсенді түрде өз күресін бастайды.
Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы күресінде алғашқысының жағында болған Едіге, ең алдымен өз ұлысын талан-тараждан аман алып қалады да, оның әскери-экономикалық қуатын империяны сақтап қалуға пайдаланады. Аталған төрт Орда басшыларының Тоқтамыс ханнан басқалары Әмір Темір жағында болып, оның билігіне қарсы болған тұлғалар болатын. Олар үшін сол кездегі ең қауіпті қарсылас Қырымды басып алған Тоқтамыс хан еді. Едіге би мен Темір Құтлық хан бірігіп, алдымен Қойыршақ ханды саяси аренадан ығыстырады. Сол жылы, яғни 1396-1397 жылы біріккен күштер Қырымдағы Тоқтамыс ханға аттанып, оны жеңеді. Тоқтамыс хан Литва князьдігіне қашып барып, князь Витовты Алтын Ордаға қарсы бірігіп күресуге шақырады. Тоқтамыс хан мен князь Витовтың арасында келісім жасалып, оның шарты бойынша, Алтын Ордаға қарсы күрес сәтті аяқталған жағдайда Тоқтамыс хан Алтын Орда тағына қайта отырғызылады да, ал Витовқа барлық орыс князьдерінің жерлері беріледі.
1399 жылдың 12 тамызында Днепрдің сол сағасы Ворскло өзені маңында екі жақтың әскері кездесіп, шешуші жеңіс Едіге мен Темір Құтлық жағында болады. Бұл ұрыста Едіге би шешуші рөл атқарады. Бұл жеңіс Тоқтамыстың жағдайын одан әрі құлдыратса, Едіге би мен Темір Құтлық ханның атағын одан әрі аспандатады. Осылайша, Едіге би мен Темір Құтлық ханның одағы Алтын Орданы аман сақтап қалады. Дәл осы жылы Темір Құтлық хан қайтыс болады да, Алтын Ордадағы орталық атқарушы билік Едігенің қолына көшеді. Темір Құтлықтың тұсында «Ордадағы князьдердің князі», яғни Ұлыби болған Едіге, одан кейін бар билікке ие болады. Сол тұстағы Едігенің рөлі туралы «Ол таққа кімді отырғызуды және оны қашан кетіруді өзі шешті, ол бұйырса – оған ешкім қарсы келмеді…» – деп баяндайды араб тарихшысы Ибнарабшах.
Едіге би Шыңғыс әулетінің өкілі болмағандықтан өзі хан лауазымын иеленбейді, бірақ та мемлекетті басқаруды Мауереннахрдағы Әмір Темір сияқты «қуыршақ» хандар арқылы жүзеге асыра бастайды. Бұл оған өте ауыр болады. Өйткені әлі де болса шыңғыстық идеология мен көшпелі тайпаларға сүйенген әр ұлыстардағы Шыңғыс ұрпақтарының тақтан үміттері зор болатын. Сондай-ақ Тоқтамыс хан мен оның ұлдарының Алтын Ордаға қайтып келу қаупі де бар еді. Соған қарамастан Едіге би өзі қаза тапқанға дейін өзінің негізгі мақсатынан айнымайды.
Едіге би 1399 жылы Алтын Орда тағына Темір Құтлық ханның немере туысы Шәдібекті отырғызады. 1407 жылға дейін Шәдібек хан арқылы Едіге би Алтын Орданы соңғы рет біріктіре алады. Ханның атымен Каффада, Азакта, Астраханьда, Дербентте, Бакуде, Хорезмде ақшалар шығарылады. Едіге би бірнеше рет Болғар мен Қырымда бекінуге күш салған Тоқтамыс ханның ұлдарына қарсы сәтті жорықтар ұйымдастырады.
Ал 1408 жылы Едіге би Орыс князьдерінің Алтын Ордаға тәуелділігін қалпына келтіру үшін Мәскеуге жорыққа аттанады. Едігенің бұл жорығы түпкі мақсатына жетпесе де, бірнеше орыс қаласы тонауға ұшыратылады, бір ай бойы Мәскеу қаласы қоршауға алынады. Мәскеуліктердің 3000 рубль төлемінен кейін ғана Едіге би кейін оралады. Осылайша, Едіге би Алтын Орда аумағын қалпына келтіріп қана қоймай, оған тәуелді орыс жерлерінің де тәуелділігін бұрынғы кездегідей қалпына келтіруге ұмтылады. Біздің ойымызша, бұл айтылғандардың бәрі Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы ең басты тарихи рөлін көрсетеді.
Алтын Орда секілді алып империяда орталық билікті иелену бар да, оны ұстап тұру тағы бар. Едіге биге осы жолда қарсыластардың екі тобымен – ішкі және сыртқы күштермен күрес жүргізуге тура келеді. Ішкі қарсылас ретінде Шәдібек, Болат, Темір секілді Шыңғыс әулетінің өкілдері саналды. Олар таққа келісімен «қуыршақ» рөлінде болғысы келмей, Ордадағы кейбір топтардың қолдауына сүйеніп, Едігенің өзіне қарсы шыға бастайды. Ал сыртқы күшке Алтын Орда тағын қайтару үшін күрес жүргізген Тоқтамыс ханның ұлдары жатты.
1411 жылы Едіге би мен тақта отырған Темір Құтлық ханның ұлы Темір хан арасында күрес басталып, Едіге би жеңіледі де Хорезм аймағына кетеді. Едігенің жоқтығын пайдаланып, Тоқтамыс ханның ұлдары Темір ханнан Алтын Орда тағын тартып алады. Дегенмен де, Едіге би саяси күрестен бас тартпай, Тоқтамыс хан ұлдары арасындағы алауыздықты пайдаланып, оларды жеңіліске ұшыратады. Алтын Орда тағына Шыңғыс ұрпақтарының бірі – Чекре ханды 1414 жылы отырғызады да, өзі бар билікті иеленеді. Сөйтіп, Алтын Орданың мәртебесін қалпына келтірмек болады. Бірақ біршама күшейіп алған Тоқтамыстың ұлдары да тақтан үміттерін үзбейді. Ақыры 63 жасында атақты Едіге би Жайық өзені бойында Тоқтамыс ханның кіші ұлы Қадірберді ханмен болған ұрыста қаза табады. Оның нақты қай жылы қаза тапқанын араб тарихшысы Элайни (1361-1451 жж.): «822 жылы (28 қаңтар 1419 ж. – 16 қаңтар 1420 ж.) Едіге патша немесе Едіге қайтыс болды, ол өлтірілді», деп, оның қалай өлтірілгенін нақты баяндап береді.
Осылайша, Едіге би Алтын Орданың 1396-1419 жылдардағы саяси тарихында қөрнекті рөл атқарып, тарихи тұлғасы ерекше маңызға ие болады. Ол туралы жырланатын дастандардың бірінде:
«Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дер екен,
Ел ішінде дау болса,
Мен шешейін дер екен…», – деп айтылады.
Бұл жырдағы әр жолдан Едіге бидің тұлғалық болмысы толық ашылып тұр деуге болады. Бірінші жол – оның ер, азамат, тұлға екендігін айтса, екінші жолдан – халықтың мүддесін ойлаған басшы, көсем болғандығын көреміз. Ал үшінші, төртінші жолдар Едіге бидің – қайтпас батыр, қолбасшы, ел қорғаны болғандығын көрсетсе, қалған соңғы екі жол тарихи тұлғаның би, шешендігін айқындап тұр.
Едіге бидің ширек ғасырға жуық Алтын Орданың саяси өміріндегі тарихи рөлін түсіну үшін, ол қаза тапқаннан кейінгі жылдармен салыстырып көрелік. Сонда ғана оның тарихи рөлі анық көрінеді. Біз жоғарыда Әмір Темірдің екінші жорығының салдары ретінде 1396 жылы Алтын Орда аумағында төрт дербес хандық құрылды деп айтқанбыз. Олар – Астраханьда Темір Құтлық ханның Ордасы, Қырымда – Тоқтамыс хан, Ноғай Ордасы және Сарай маңында Қойыршақ хан билік еткен Орда. Едіге бидің басшылығымен 1-2 жылда олардың бәрі Алтын Орда құрамына қайта қосылады. Хорезм аумағы да Алтын Ордаға енгізіледі. Сөйтіп, Едіге бидің тұсында Алтын Орда бұрынғы қалпына келтіріледі, орталық билік сақталады. Ал енді Едіге би қаза тапқаннан кейінгі өткен ширек ғасырға көз жүгіртсек, мынадай суреттерді көреміз.
1420 жылы – шибан Ұлысының негізінде Сібір хандығы құрылады;
1427 жылы – Қырымда тұқайтемірлік әулеттің өкілі Хажы Керей өзін хан деп жариялайды;
1435 жылы – Алтын Орданың орнында жаңа атаумен Үлкен Орда хандығы пайда болады;
1438 жылы – Еділдің орта ағысы бойында Қазан хандығы пайда болады;
1440 жылы – Ноғай Ордасы жеке мемлекет ретінде қалыптасып болады.
Едіге би қайтыс болғаннан кейінгі 20 жыл ішінде Алтын Орда біржолата ыдырап, орнында бір- бірімен күрескен жеке хандықтар қалған екен. Басқа да факторлармен бірге біз оның себебіне Едіге би секілді тарихи тұлғаның болмауынан деп түсіндіреміз.
Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы келесі бір атқарған тарихи рөлі мен маңызына – оның Алтын Орданың саяси басқару жүйесіне Мауереннахрдағыдай Әмір Темір енгізген мемлекетті басқарудың жаңа формасын енгізуге талпыныс жасауы жатты.
XIV ғасырдың 60-70-жылдарында Алтын Орда тарихында болған «дүрбелең жылдар» шыңғыстық идеология мен мемлекеттегі жоғары билікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәстүрдің де іргесін қатты шайқалтып жібереді. Осы кездерден бастап жергілікті тайпалар мен түріктенген моңғол тайпаларының әмірлері мен бектері мемлекеттің саяси өмірінде белсенді рөл атқара бастайды. Алтын Орданың батыс бөлігінде 1360-1380 жылдары қият тайпасының әмірі Мамай, кейіннен маңғыт тайпаларының Едіге би, ал шығыс бөлігінде қият Исатай, оның ұлы Жыр-құтлы хан тағына кімді отырғызуды өз қолдарына алады. Олар хан тағына өз мүдделеріне сай келетін үміткерлерді отырғызып, қаламаған жағдайда немесе жергілікті ру-тайпа басшыларының мүддесіне қарама-қарсы саясат жүргізген жағдайда алып тастап отырды. Осылайша, хандық билікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәстүрдің принциптері бұзылады да, оның орнына бірте-бірте моңғолдарға дейінгі немесе жергілікті қыпшақтық дәстүр қолданыла бастайды.
Билікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәстүрдің принципіне биліктің, тікелей ұлдарға берілуі жатты. Мұны Шыңғыс ханның өзі іс жүзінде дәлелдейді. Ол ұлдарына 5-9 мыңдық шаңырақтарды еншіге бергенде, туған інілеріне 1,5-4 мыңдық түтін бөледі. Сондай-ақ 1219-1221 жылдары Орта Азия мен Қазақстанға жорыққа аттанар алдында ұлдары мен бауырлары бас қосқан жиында Шыңғыс хан тақ мұрагерін анықтау туралы мәселе көтеріп, өзара пікір алысқаннан кейін кесімді пікірді өзі айтады. Тақ мұрагері болып төрт ұлдың бірі – Үгедей белгіленеді. Осы хандық билікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәстүр, яғни биліктің әкеден тікелей ұлдарының біріне берілуі XIII ғасырдың басынан бастап моңғолдар билік құрған аумақтарда қалыптасқан қатаң заң, бұзылмас ереже түрінде қабылданады. Ал бірақ, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл дәстүр бір ғасырдан астам уақыт өмір сүріп, күшін әлсірете бастайды. Билікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәстүрдің әлсіреуі Жошы ұлысындағы саяси және этностық процестермен қатар жүрді және бір-бірімен өте тығыз байланыста болды. Неғұрлым қыпшақтану процесі тереңдеген сайын моңғолдық дәстүрдің де күшін жоя бастағанын байқаймыз. Сөйтіп, XIV ғасырдың ортасына таман Жошы ұлысында моңғолдар үстемдігі кезеңінің аяқталуы этносаяси дамудың нәтижесімен қатар, билікті иелену мен мұраланудағы Шыңғыс хан енгізген тәртіптің де жойылуынан деп түсінеміз.
XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында болған саяси оқиғалар барысында моңғолдарға дейінгі қыпшақтық дәстүр мен толық жойыла қоймаған, әлі де болса өз әлеуетін сақтап отырған моңғолдық дәстүр арасындағы күрестерді көруге болады. Алтын Орданың тағында Тоқтамыс ханнан Барақ ханға дейінгі аралықта, яғни 1395-1420 жылдары 15-ке жуық адам таққа отырған деген дерек мәліметтері көрсетеді. Олар: Орыс ханның, Тоқтамыс ханның, Темір Құтлық ханның ұрпақтары болатын. Олардың бірнешеуі ғана өздерінен соң билікке ұлдарын отырғыза алса, ал қалған көпшілігі Едіге бидің тікелей қолдауымен билік тізгінін ұстайды. Едіге бидің тікелей қолдауымен Алтын Орда тағына отырғызылғандар әкелі-балалы тұлғалар емес, олар бір-біріне немере-туыс, аға-іні болып келеді. Мұның бәрі Едігенің Әмір Темір секілді мемлекет басқару ісінде жаңа форманы енгізе бастағанын көрсетеді. Дегенмен де Едігенің бұл реформашылдығы Алтын Орда аумағында шыңғыстық идеологияның толық жойылмағандығын және жергілікті этностық күштердің әлі де болса толық саяси кеңістікті игермендігін көрсетеді.
Едіге би Алтын Орда аумағында жаңа мемлекеттік құрылымды қалыптастыра алмаса да, оның ұрпақтары өзі негізін қалаған Ноғай Ордасында шыңғыстық идеологияның ықпалынсыз жаңа мемлекеттік құрылымды қалыптастырады. Мауереннахрдағы Әмір Темір қалыптастырған мемлекеттік құрылымды – Темірлік мемлекет түрі десек, Ноғай Ордасындағы Едіге бидің мұрагерлері қалыптастырған құрылымды – Едігелік мемлекет түрі деуге болады. Және де едігелік идеология негізінде құрылған Ноғай Ордасы XV-XVI ғасырларда Алтын Орда аумағындағы қуатты мемлекеттердің бірі болып, тек XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүруін тоқтатады.
Едіге би де Шыңғыс әулетіне туыс болу үшін Әмір Темір секілді хан әулеті – Орыс ханның ұлы Қойыршақ ханның қызына үйленіп, курекэн (күйеу) атанады. Ол да Әмір Темір секілді өзінің шығу тегін Шыңғыс ханның арғы ата-бабаларымен байланыстырады. Шәкәрім Құдайбердіұлының дерегіне қарасақ: «…Қайду хан өлгенде орнына баласы Байсұңқар хан болды, оның орнына баласы Түмен хан болды. Оның тоғыз баласы бар еді: Нотақын, Шақсы, Қажул, Қабул, Сымақожан, Баткелекей, Одирбаян, Болжардоғлан, Шынтай. Нотақынның екі баласы – Орут, Маңғыт. Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге осы Маңғыт руынан… Едіге бидің шығу тегі жөнінде екінші бір нұсқада Едігенің арғы атасы мұсылман әлеміндегі алғашқы халиф Әмір әл-Момын Бәкір әл-Садық, ал бергі атасы Баба Туклас», делінеді. Біз Едіге бидің шығу тегі жөніндегі екі нұсқаны да Ноғай Ордасы секілді жаңа мемлекеттің идеологиялық негізі ретінде жасалған деп түсінеміз.
Едіге бидің ұрпақтары да Алтын Орда мен одан кейінгі оның орнында құрылған мемлекеттердің тарихында үлкен рөл атқарады. Оның ұрпақтары Мансұр би, Нұраддин, Кейқуат, Оқас би, Ғази би, Наурыз, Мұса би, Сейдахмет, Шайх Мамай, Жүсіп, Исмайл би және тағы басқалары өз заманының көрнекті тарихи тұлғалары қатарына жатады. Ресейде оның ұрпақтарының бірнешеуі өз фамилияларын әлі күнге дейін сақтаса, қазақ халқының шежіресінде өздерін Едігеден тарататын рулар бар.
Осылайша, Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы атқарған рөлі мен тұлғалық маңызын қорытындылай келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз.
Едіге би – Алтын Орданың ыдырау дәуірінің алғашқы кезеңінде тарих сахнасына көтеріліп, оның күйреуіне жол бермей, оны сақтап, қалып, бұрынғы дәрежесіне дейін көтерген тарихи тұлға. Едіге би – Мауереннахрдағы Әмір Темір секілді Алтын Ордада мемлекетті басқарудың жаңа түрін енгізуге күш салған тұлға болып саналады. Едіге би – Ноғай Ордасы секілді мемлекеттің негізін қалап, едігелік идеологияны сол мемлекетке енгізген тұлға. Едіге бидің көптеген ұрпағы бұрынғы Алтын Орда мен оның орнында пайда болған мемлекеттер тарихында терең із қалдырған тұлғалар қатарына жатады. Сонымен бірге оның ұрпақтары күні бүгінге дейін өздерінің шығу тегін Едіге бимен байланыстырады.
Жалпы, қорыта келгенде, Едіге бидің тұлғалық болмысы Алтын Орда мен одан кейін пайда болған мемлекеттер тарихында, сол аумақтарда өмір сүрген халықтардың тарихында ерекше орын алып, олармен бірге өмір сүре беретіні сөзсіз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
https://egemen.kz/article/258591-altyn-orda-tarikhy-dgane-edige-bi
© egemen.kz