Қожалы мен Гәнжә қасіреті

«Биылғы «Түркі әлемінің дәстүрлі ән-күй фестивалі» Әзербайжанның  жауһар шаһары – Қожалыда өтпек. Ұйымдастырушы тарап санаулы күндерден кейін басталатын халықаралық шараға әзірлік жұмыстарын осы бастан тәмамдап, қала тұрғындары туыс елдерден келетін қонақтарды тағатсыздана күтуде. Шара тікелей эфир арқылы көрсетілетін болады…»

 

Осыдан 29 жыл бұрын, сол бір қанды қырғын болмағанда, кім білсін, бүгін әлеуметтік желелірден осындай постты көріп қалып, фестивальге қатысатын жұлдызымыз үшін лүпілдетіп лайк басып, оны бөлісіп, «SUPER» деген пікір білдірер ме едік, қуанып.

Әттең, бүгін мұндай постты кездестіру, оған лайк басу, оны бөлісу, «SUPER» деп пікір білдіру мүмкін емес! Өйткені, мұндай қала жоқ қазір. Дәлірегі, аты бар да, заты жоқ. Қала болмағасын «туыс елдерден келетін қонақтарды тағатсыздана күтіп жүрген қала тұрғындары» қайдан болсын?! Олар да жоқ!

Бірақ, болған. 29 жыл бұрын! Жиырма тоғыз жыл бұрын Қожалы тұрғындары да дәл бүгінгі біз секілді ғұмыр кешкен: армандаған, ғашық болған, үйленген. Күндіз жұмысына барған, ал, кешкісін үйдегілер тегіс жиналғаннан соң, ақ дастарханның басына жиналып асқа отырған, телевизор керген, сонсоң, түнде ұйқыға жатқан. Бірақ…

Бірақ, өкініштісі сол, осыдан 29 жыл бұрыңғы сол бір түннің, Қожалылықтар үшін соңғы түн боларын ешкім болжай алмапты…

Егер, осыдан 29 жыл бұрын, сол түні ұйқыда жатқан Қожалы тұрғындарына террорлық шабуыл жасалмағанда, терроршылар бір ауылды түгелдей қырып жібермегенде, бүгінде жоғарыдағыдай постты оқуымыз бек мүмкін болар еді-ау! Бірақ…

***

Кешегі түн ұйқыда тыныш жатып ажал құшқан Гәнжәда да дәл осы қасірет қайталанды: Үйдегілер кешкісін тегіс жиналғаннан соң кешкі асқа отырған. Аналары балаларының жақсы көретін «долмаларын» дайындаған. Онан соң әкелері әдеттегідей диванда түнгі жаңалықтарды көріп отырып мызғып кеткен. Балалар ұйқыда…

Гәнжәліктер де 29 жыл бұрыңғы Қожалылықтар секілді, дәл сол түннің ең соңғы түндері боларын сезбепті, өкініштісі. Әлдеқайдан атылып, қара аспанды қақ жара олар тұрған үйдің төбесіне кеп түскен зымыранның жойқын жарылысынан дүния тозаққа айналып, көпқабатты тұрғын үйді тұтастай жермен жексен еткен-ді, әпсетте.

***

Осылайша, Қожалы қырғынынан 29 жыл өткенде Гәнжә қырылды, бір түнде.

Гәнжәдан 29 жыл бұрын Қожалы қырылған-ды түгелімен, бір түнде.

Не үшін? Неге? Неліктен? Бейбіт тұрғындардың, күнәсіз сәбилердің, аналардың өмірін қию құқығын кім берді бұл терроршыларға?

Осындай оймен отырып Түркі кеңесі мен Түркі академиясының бүгінгі үндеулеріне көзіміз шалып қалды. Ішбү құжаттада: «Бүгін Қожалы геноцидіне 29 жыл толғандығы, 29 жыл бұрын Армения қарулы күштерінің бір түннің ішінде қария, әйел, бала демей Қожалы ауылын түгелдей жойып жібергендігі, бірақ, соған қарамастан әділдік туы қайта көтеріліп, бауырлас Әзербайжанның оккупациядағы өз территорияларын азат етудегі заңды күресін жеңіспен аяқтағандығы және де бұл жеңістің барша Түркі әлемінің ортақ мақтанышы екендігі айтылып, Түркі әлемінің бұдан былай да Әзербайжанмен бірге бола беретіндігі» баяндалған екен.

Жігер мен жүректің елшілері – қос ұйымға да мың алғыс!

***

Мұндай мұндай лаң, мұндай террор ешбір елде ешқашан қайталанбауы керек!  Қайталанбауы үшін өткенді ұмытпауымыз керек. Қаншалықты қасіретті болса да.

 

Н.Жүсіпбай

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *