«ҰЛЫ ТҰРАН» МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРАМЫЗ ДЕСЕК, ҚАЗАҚСТАН ӘЗІРБАЙЖАНДЫ ҚОЛДАУЫ КЕРЕК!

«Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен» деп, өткен ғасырдың басында Мағжан ақын жырлағандай «Ұлы Тұран» жобасы түркітілдес саясаткерлердің арасында сөз болып келе жатқалы қашан. Әлемдік геосаясатта ондай жаңа империяның дүниеге келуі мүмкін бе? Мүмкін. Дегенмен толағай күшке, үлкен әлеуетке ие болып, өзгеге бас бермей кететін жаңа империяны жөргегінде тұншықтыруға тырысатындар өте көп. Неге? Енді соған келейік. Әлемдегі барша түркітектестерді біріктіретін біртұтас Ұлы Тұран мемлекетін құру өткен ғасырдың басынан бері жиі талқыланып келеді. Рас, мұндай мемлекет құрыла қалса, жаһандық геосаясатқа ықпал ететін өзіндік рөлі болар еді. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Қазіргі кезде түркі әлеміне кіретіндердің саны 200 миллионнан астам. Олар Еуразия аумағының 4 миллион шаршы шақырым кеңістігін мекен етуде. Ол аймақтың табиғи байлығы 500 триллион доллардан астам көрінеді. Осындай ырғын байлыққа мелдектеп жатқан жерде Ұлы Тұран мемлекеті дүниеге келетін болса, сөз жоқ, толағай күшке ие болары хақ. Алайда ауызбірлігі мықты түркі империясының дүниеге келуіне ешкім мүдделі емес. Мәселен, Түркиямен геосаяси һәм экономикалық кейбір мәселелерде (әскери одақ НАТО да бірге болғанына қарамастан) қырғи-қабақ болып отырған батыс елдері ресми Анкараның түркі жұртын бауырына басып, әскери-саяси-экономикалық жаңа қағанат құруына қарсы. Оған жол бермеуге тырысып бағары анық. Сол секілді Иран, жалпы араб әлемі де оны бүйірге қадалған пышақ ретінде қабылдары хақ. Себеп белгілі. Түркі жұртын бір орталыққа қаратып, күшейіп алған Түркия ежелгі Осман империясының жерін даулап жүре ме деп, қорқады. Ұлы Тұран мемлекетінің құрылуы Қытайға да, Ресейге де тиімсіз. Тұран мемлекетін арқаланып, Шыңжаңда отырған мұсылман түркілер бас көтеріп, бой бермей кете ме деп, Қытай сезіктенеді. Сол секілді территориясында 20 миллионнан астам мұсылман мекен еткен Ресей де үрей құшағында отырғаны анық. Өйткені Ұлы Тұран мемлекеті алда-жалда құрыла қалса, Ресейге амалсыздан бағынышты болып отырған ондағы түркітілді мемлекеттер мен ұлыстар Тұран жұртына қарай бет бұрары белгілі. Мұның арты Ресейдің ыдырауына әкеп соқпақ. Мұны Мәскеу сезеді. Сондықтан Тұран мемлекетінің құрылуына бірден-бір қарсылық көрсететін Ресей болмақ. Қазірдің өзінде дума депутаты, ЛДПР партиясының серкесі Жириновский «Түркі жұртына біз түбі бағынышты болып қаламыз. Орыс халқы қиын жағдайда» деп, байбалам салып жүргені тегін емес. Демек, мұны ресми Кремльдің сөзі деп қабылдаған жөн. Тіпті кешегі жексенбі күні басталған Таулы Қарабаққа байланысты Әзірбайжанмен Армения арасындағы қақтығыста түркі жұрты бір жақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені 1992-94 жылдардағы Әзірбайжанмен Армения арасындағы соғыста армиян жағы тек Таулы Қарабақты ғана емес, Әзірбайжанның 20 пайыз жерін басып алған. Содан бергі уақытта қаншама бейбіт келіссөздер жүргізілді. Бірақ Армения басып алған жерін қайтып берген жоқ. Міне, сол жат елдің қол астында қалған жерін Әзірбайжан соғыс арқылы қайтаруға кірісті. Бұл дұрыс деп есептеймін. Бейбіт келісім іске аспаған жерде шоқпар көтерілері анық. Қазір Әзірбайжанды Түркия қолдап отыр. Бұл аз. Түбі бір түркіміз дейтін болсақ, өзгеде түрік мемлекеттері Әзірбайжанды қорғап, қолдауымыз керек. Түркі жүрты бірін-бірі қолдау арқылы түбі Ұлы Тұран мемлекетін құруға қол жеткізері хақ.
Азаматхан Әміртай
(жазба автордың ФБ парақшасынан алынды)
Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *